Әрбір жаңа жылдан зор үміт күтіп, баршамыз «Сиыр жылында адамзатты не күтіп тұр екен?!» деп тарих беттерін парақтайтынымыз заңдылық. 12 жылдық қайталама негізінде мүшелмен жыл есебін жүргізуді қазақ халқы «жыл қайыру» деп атайды. Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тəжірибесі бай, ұғымды халық əр жылға тиісті баға беріп, болашағын осылай болжаған. Сиыр жылын қазақ дау-дамайға, ауыртпалық пен қиындыққа толы деп баға берген. Тіпті Сиыр жылы сәтсіздік әкеледі деген тіркес те ел арасында жиі айтылады. Дегенмен ырым-нанымға сенсек, бұл жылы дүниеге келгендер тұрақты, сабырлы, көшбасшылық қабілетке ие, еңбекқор болып келеді екен. Әр жылды жақсылыққа балап, болашаққа үмітпен қарайтын халықпыз. Осы тұста Мәшһүр Жүсіп Көпеев бабамыздың Сиыр жылына тұспа-тұс келген болжамына тоқталсақ.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1931 жылы жер қойнына тапсырылады. Өзінің өліміне 10 жыл қалғанда 1921 жылы Мәшһүр Жүсіп бар туыс-тумасын жинап, бір жерді анықтап көрсетіп: «Менің мазарымды осы жерден қазыңдар. Мені жатқызып емес, отырғызып жерлеңдер. Әлсін-әлсін хабар алып тұрыңдар, менің денем 40 жыл бойы бұзылмай сақталады» деген екен. Қайтыс боларынан тура бір жыл бұрын үлкен келіні Ақ Зейнептің інісі Досжанға мазарын қаздырып бастайды. Өзі үнемі басы-қасында отырып, енін, ұзындығын қадағалайды.⠀Мазар дайын болған соң алыс-жақын ағайын-ауылын жинап, көзі тірісінде өзінің жаназасын шығарып, құрбан шалып, ас бергізеді.⠀Мұның себебін сұраған ауылдастарына: Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін. Жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын. Мен өлген соң қатты әлсірейсіңдер. Ас беріп, жаназа намазымды оқытпақ түгілі, бақа-шаян теріп кетесіңдер, – деп 1931 жылғы ашаршылықты күні бұрын болжаған екен. Расында сопы жан тапсырған соң әлсіреген туыстары әулиенің мәйітін дайын мазаратқа әрең апарып жерлейді.⠀Содан соң әулие Мәшһүр Жүсіп сөзін былай деп жалғайды: Жұт келеді. Қалың қазақ қырылады. Жұттан аман шыққан ел 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүреді. Одан кейін отыз жылда ұры-қарылар көбейеді. Осының бәрінен өткен соң ғана қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады деп болжаған екен.⠀
Халқымыздың бірлігі жарасқан, татулықта, тоқшылықта көрер күні алыс емес екені байқалады. Жоғарыда айтылған болжамдар қазақ халқының тұрмысынан алынған. Ал шығыс күнтізбесіне сүйенсек, Сиыр жылында жұрт тынбай еңбектеніп, ауыл шаруашылығы дамиды. Табиғаттан келетін қауіп-қатер азаяды. Мұның барлығы егіннің бітік шығуына септігін тигізеді деп бағалаған. Бұдан бөлек, ел аузында жүрген отандық астролог Елена Топольская алдағы жыл қандай болатынына тоқталды.
– Сиыр жылының ең берік стихиясы – Металл мен Жер. Бұл банк секторы өзін сенімді сезінеді, заң ғылымына, мемлекеттік басқаруға қатысты барлығы жақсарады деген сөз. Мемлекеттік реттеу ең жақсы деңгейде болады, барлық жағдайды жеңе алады және процестерді реттеп, жағдайды тұрақтандырады деп күтуге болады. Жаңарудың, жаңа бастамалардың, құндылықтарды қайта бағалаудың уақыты 2022 жылға сәйкес келеді, ал 2021 жылы жағдайды оңтайландыру арқылы тұрақтандыру шебінде өтеді. 2021 жыл ақшаны үнемдеуге, бұрын жинақталған мүлікті сауатты басқаруға қолайлы және адамдарға үлкен мансаптық мүмкіндіктер бере алады. Жылдың ең сәтті белгісі – Тауық. Сиыр, Барыс та жетістікке жете алады. Жылқы үшін – жаңашылдықтың басталу кезеңі. Олар жалпы болжамға қарамастан өзінше әрекет ете білу керек, бірдеңе іске асыруы керек, сонда нәтижесі жақсы болады, – дейді астролог.
Аударған Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!