Биыл жылдың басы жайсыз басталды. Әлемді әбігерге салған COVID-19 пандемиясынан халықтың күйбең тіршілігі тұралап қалды. Жағдай ушықпас үшін үйде болғанның әсерінен ел экономикасының бәсеңдегіні байқалды. Өзгелердей емес, коронадағдарыс салқынына төтеп бере алған өңіріміздің экономикасы сәл баяулағанымен бірқатар салаларда оң динамика байқалады. Экономиканы қолдау үшін дер шағында қабылданған дағдарысқа қарсы бастамалар да осы орайда өзіндік рөл атқарғаны сөзсіз. Мұны аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында осы жылдың 9 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жайында айтқан сөзінен аңғардық.

Өңірдің даму динамикасы

Дендеген дерттің салдарынан туындаған дағдарыс кезінде негізгі басымдыққа ие салалардағы көрсеткіш кеміген жоқ. Биыл 9 айда өнім өндіру көлемі өңдеу өнеркәсібінде – 3,5%-ке, ауыл шаруашылығында 3,1%-ке артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4%-ке жоғарылады. Аумағы 485 мың шаршы метрден астам немесе былтырғыдан 0,4%-ке артық тұрғын үйлер қолданысқа берілді. Алайда аймаққа инвестиция тарту, мұнай өндіру көрсеткіштерінде төмендеу тенденциясы байқалады.

– Өткен жылы бірнеше ірі жобаны іске асырдық. Жылдық инвестицияның шамамен 30%-ы осылардың үлесінде. Биылғы шектеулерге байланысты жалпы экономикаға тартылған инвестиция көлемі қысқарды. Бұл құрылыс жұмысының көлеміне де әсер етті. Кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай көлемі азайып, бұдан өнеркәсіптегі өнім өндірісі кеміді, – деді облыс әкімі.

Қара алтынның қазаны ортаймайды

Өңірде көл-көсір мұнайдың дәуірі бітуге шақ тұр. Бірақ қара алтынды өндіріп, қазынаның қара қазанын толықтыруға тырысуда. Үшінші тоқсан қорытындысына көз жүгіртсек, 750 мың тоннадан астам қара алтынның өндірілмегенін байқадық. Жер қойнауын пайдаланушылар жыл соңында мұның 1 млн тоннаға баратынын болжап отыр. Геологтар енді «Шу-Сарысу» ойпатының ой-шұңқырын тереңірек зерттеуге кірісті. Еліміздің оңтүстігінен мұнай белгілерінің табылуы оны іздеудің өзектілігін айқындап берген еді. Индустрияландыру бағдарламасы отандық экономиканың шикізат ресурсына тәуелділіктен арылуына, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Биыл біз оның үшінші бесжылдығына аяқ бастық. Соның аясында Сыр өңірінде құны 554 млрд теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – шамамен 7 мың жұмыс орны.

Мade in Кyzylorda белгісі Еуропаға жетті

Бұл күндері Қызылордадан брендіміз саналатын күріш, балық пен тұз ғана емес, басқа өнім түрлері де сыртқа жөнелтіледі. Бүгінде ауыл шаруашылығындағы экспорт көрсеткіші 12%-ға жоғарыласа, оның 98%-ы – қайта өңделген өнім. Биыл бірінші рет Ресейге қызанақ пен мұздатылған көкөніс, Германияға 420 тонна қамыс жөнелтілді. Made in Kyzylorda белгісіндегі тауарлар осылайша 20-ға жуықтады. Шағын және орта бизнесті дамытудың маңызын ұғынған мемлекет пандемия жағдайында да оны қолдаудан шет қалдырған жоқ. Айта кету керек, қиын қыстауда кәсіпкерлерге жеңілдік жасалуда. Карантиндік шектеу кезінде 54 мың кәсіпкер салық жеңілдігіне ілінсе, 8,5 мыңнан көбі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасынан босатылды. 9 мың сауда алаңының иелері үшін 700 млн теңгеге жуық жалдау ақысын төлемеуге жағдай жасалды. 194 субъект қожайындары жыл соңына дейін мемлекет меншігін тегін пайдалана алады.

COVID-пен күрес қарқынды жүруде

 Сарапшылар болжаған коронавирустың келесі толқынына қатысты аймақта қарқынды қам-қарекет жасалып жатыр. Ем алушылар үшін 21 инфекциялық стационарда 3200 орын дайындауға мүмкіндік бар. Үй жағдайында амбулаториялық қызмет көрсететін 138 медициналық мобильді, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылайтын 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. 3600 медицина қызметкерінен кадр резерві жасақталды.

– Өкпені жасанды желдету аппаратының санын 244-ке жеткіздік. 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры дайын. Дәрілік зат алу үшін тұрақтандыру қоры арқылы 488 млн теңге қаржы бөлінді. 200 орынға лайықталған жаңа модульді инфекциялық аурухана құрылысы аяқталады. Облыстық көпбейінді ауруханада оттегі станциясы салынды. Қазалы ауданаралық ауруханасында да осындай станция құрылысы аяқталуға жақын, – деді аймақ басшысы.

Еріктілердің еңбегі зор

2020 жылдың «Волонтер жылы» деп жариялануы қайырымдылық іске тыңнан түрен салды. Еріктілер пандемия кезінде күндіз-түні дәрігерлермен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп, індетке қарсы күресте күш біріктірді.  Қайырымды жандардың ортақ іске жан-жақты қолдау білдіруінің арқасында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларға арнап 11 баспана салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 42,5 мың теңге көлемінде 536 мыңнан астам әлеуметтік төлем жүргізілді. «Birgemiz Qyzylorda» қоры арқылы 24 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңге шамасында көмек көрсетілген.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!