ІВF және ІВО нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен жапониялық «суперчемпион» Риота Мурата (16-2, 13 КО) арасындағы жекпе-жек алдын ала мәлімденген уақыттан ерте өтуі мүмкін. Бұл туралы ESPN инсайдері Майк Коппинджер мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Дереккөздерге сүйенсек, Мурата мен Головкиннің кездесуі ақпан айында өтеді. Егер GGG жеңеді деп топшыласақ, бұрынғы рейтингін қайтару үшін келері жыл тағы екі жекпе-жек өткізуі керек», –  деп жазды Коппинджер. 

Айта кетейік, Головкиннің «суперчемпионға» қарсы кездесуі Токиода 29 желтоқсанда өтуі керек болған. Алайда карантин шараларына байланысты Жапония билігі шетелдік азаматтардың ел аумағына кіруіне тыйым салды. Кей дереккөздер бұл жекпе-жектің наурыз не сәуір айларында өтуі ықтимал екенін айтты.