Фото: «Қайсар» ФК

Қызылордалық көрермендердің жанарын жаулаған Қайсарда биыл қандай жаңалық бар? Сыр еліндегі 60 жылға жуық тарихы бар футбол командасына жаңа маусымда кімдер қосылды?

Облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында аймақтағы спорт саласына жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері талқыланып, проблемалық мәселелер мен «Қайсар» футбол клубының қаржылық жағдайы пысықталды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Талдау нәтижесімен мамандардың жұмысқа орналасуына, спортшылардың іс-сапар шығындарының мақсатты жұмсалуына, спорт клубтарының жұмысын ұйымдастыруға қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды.

Биылғы маусымда Сыр спортының жанкүйерлері Қайсардан жақсы жаңалықтар күтеді. Жергілікті футболды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Былтырдан бері команда жұмысын ұйымдастыруда бірінші кезекте бюджет қаражатын үнемдеу әрі сапаны арттыру міндеті қойылды.

Өткен жылы футбол клубына 1,2 млрд теңге қаралып, қайсарлықтар Премьер-лиганың турнирлік кестесінде 6-орынды иеленді. Бұл алдыңғы жылдарда бөлінген қаражатпен салыстырғанда біршама төмен, әйтсе де көрсетілген нәтижені мамандар да, жанкүйерлер де жақсы деп бағалады.

Бұған дейін 2018 жылы футбол клубына 3 млрд теңге, 2019 жылы 4,15 млрд теңге бөлінген.

Облыс әкімі «Қайсар» футбол командасының құрамында ойнайтын легионер ойыншылардың жалақысы жоғары екенін ескеріп, келесі жылдан бастап команда сапына жергілікті ойыншыларды тартуға және жас футболшылар клубын дамытуға күш жұмсалуы қажет екенін айтты.

Келесі жылы «Қайсарға» мүмкіндігінше жергілікті ойыншыларды тарту жолдарын қарастыру, жақсы нәтижелерге жету талабы қойылмақ.

Биыл құрама сапына жаңа ойыншылар алынды. Оның ішінде басым көпшілігі жерлестеріміз. Нақтырақ айтсақ, «Ордабасы» командасында ойнаған Думан Нәрзілдаев пен Айбар Жақсылықов «Қайсар» құрамында жасыл алаңға шығады. Сыр жанкүйерлеріне жақсы таныс Тоқтар Жанқылышбай, бірінші лиганың үздік шабуылшысы Марлен Айманов пен екінші лигада 44 гол соққан бомбардирі Ерсұлтан Төреқұл да жаңа маусымдағы ойыншылар тізімінде.

Айта кету керек, комиссия отырысында облыстағы спорт саласының дамуы туралы да айтылды. 2023 жылы 23 желтоқсанда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы құрылды.

Өткен жылы атқарылған жұмыстардың арқасында өңір халқының 39%-ы бұқаралық спортпен айналысуға мүмкіндік алып, олардың саны 328597 (ауылдық жерде 192535) адамға жетті. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 12497 адамға артқан.

Өңірде спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 44%-ға өсті. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту, халықтың дене шынықтыру және спортпен айналысуын ынталандыру үшін аймақта заманауи спорт нысандарының саны артып келеді.

Өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттен 5458,1 млн теңгеге 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 9 кешен қолданысқа берілді. Сол жағалаудан халықаралық талапқа сай келетін, жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, осы жылы үстел теннисі орталығының құрылысы басталды.

Сондай-ақ еуропалық стандарттарға сәйкес келетін, 10000 адамға арналған заманауи Орталық стадионның құрылысы жүргізілуде. Спортшыларымыздың нәтижесі көңіл қуантарлық. Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасына облыстан 552 спортшы енген.

Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!