«Ән – халықтың үні, оның шындығы, ойы мен сезімі» дейді жыр алыбы Жамбыл бабамыз. Көпшіліктің көкейіндегі сезімін қозғап, көңіл пернесін дөп басатын ән тудыру – Құдай дарытқан бір құдірет. Сазгерліктің сыры мол, тылсымы бөлек. Осы орайда Жандос Қаржаубайдың орындауындағы «Бақытың қаншадан?», Нұркеш Жалғасбайдың қоржынындағы «Сынақ», эстрададағы жұлдызды жас әншілердің орындауындағы «Толқындастар» секілді көптеген хит әннің авторы, сазгер Айдын Сәндібаймен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Сізді хит әндердің авторы ретінде танимыз. Жалпы осы күнге дейін қанша ән жаздыңыз? Оның нешеуі жарық көрді?
– Осы уақытқа дейін шамамен 200-дей ән жаздым. Нақты саны есімде жоқ. Оның жартысына жуығы жарық көріп үлгерді. Бұйырса алдағы уакытта да жағымды жаңалықтармен бөлісеміз. Бірқатар әншінің ән қоржынында тәуір-тәуір туындыларымыз өз кезегін күтуде.
– Өзіңіз жазған туындылардың ішінде қай ән жаныңызға жақын? Сол әннің тарихын айтып берсеңіз…
– Жалпы ақын да, сазгер де өз туындыларын «мынау жақсы, мынау нашар» деп бөліп-жара алмайды. Әрбір әннің өзіндік орны бар, әрбірінің тарихы, тәттілігі бар. Дегенмен шығармашылық адамының ел арасында есімін танытқан «төлқұжат» туындысы болады. Төлқұжатым деп «Бақытың қаншадан?» атты туындымды айтар едім.
Бұл ән бес жыл бұрын жазылды. Карантиннің уақыты, жер-жерде көтеріліс болып жатты. Соның салдарынан қаншама халық зардап шеккенін көріп… Одан бөлек жеке өмірімде де күрделі жағдайларға тап болып, күйзеліске ұшырадым. Біз, сазгерлер ішіміздегі мұңымызды да, сырымызды да, қуанышымыз бен қайғымызды да барлығын әнмен жеткізетін халықпыз ғой. Дәл сол кезеңдерде «Бақытың қаншадан?» деп жүрек толқынысын жаздым.
Бұдан бөлек жаныма жақын туындыларым өте көп. Мысалы, Жандос Қаржаубай мен жұбайы Жұпар Садақбаеваның орындауындағы «Біз бір жүрекпіз» атты әннің сөзін де, сазын да өзім жаздым. Бұл – «болашақта үйленіп, шаңырақ көтерген күні жан-жарыммен бірге орындаймын» деген ниеттен, арманнан туындаған дүние.
– Қазіргі әндер кеше хит болып, бүгін ұмытылып жатады. Сөзі мен сазы қабысқан әндер бірен-саран. Оған не себеп деп ойлайсыз?
– Әзір біреуге ақыл айтатын жаста емеспін. Ән жазуды бастағалы осы уақытқа дейін жинаған тәжірибем бойынша айтсам, қазір музыкадан бөлек барлық салада бақталастық бар. Шығармашылықта стиль де, жанр да көп. Соған қарай тыңдарманның да талғамы, жан қалауы әртүрлі. Біреу баяу әуендерді ұнатса, біреу көңілді ритмдегі әндерді жақсы көреді деген секілді.
Ал мәтінге тоқталсақ, қоғамда «қазіргі әндердің мәтінінде мағына жоқ» деген пікір қалыптасқан. Бұл пікірге келісетін де, келіспейтін де тұстарым бар. Біріншіден, нашар ән, нашар өлең болмайды. Олай дейтін себебім, нағыз халықтың жүрегіне рух беретін кейбір ғажап туындылар тыңдалмай қалады да, есесіне еліктеп-солықтап, өзге тіл мен қазақ тілін араластырып жазылған ала-шұбар мәтінді әндер кең таралып, хит болып жатады. Осының бәріне куә болған шығармашылық адамдары да көпшіліктің сұранысына сай жеңіл-желпі дүниені ұсынып отыр. Кез келген сала халыққа қызмет еткеннен кейін, көпшіліктің көзқарасымен санасады, елге не ұнайды, соны беруге міндетті.
«Кеше хит болып, бүгін ұмытылып жатыр» деген сөзіңізбен толықтай келісем. Бірақ басқа қырынан. Мысалы, бұрын жұрттың жүрегін жаулаған жақсы әншілер бірен-саран болатын. Ал қазір әнші көп, соның ішінде сапалы әншілер өте көп. Бәрі бірінен соң бірі хит ән жазып, барлығы бірдей халыққа ұнап жатқан соң оларды ел тыңдап үлгермей жатыр. Үздіксіз шығып жатқан әндер бірінен-бірі оза түсіп, алдыңғысын ұмыттырып жібереді.
– Ән жазғанда ақындардың өлеңіне жазасыз ба? Әлде әуелі ән жазып, кейін мәтінін жаздырасыз ба? Сіздің ойыңызша екеуінің айырмашылығы бар ма? Қайсысы шынайырақ шығады?
– Әуелі сазы шықса да, сөзі шықса да екеуі де шынайы дүние. Өйткені ақын да, сазгер де туындысын жүрегімен жазады. Кейде бірінші әнін жазамын, сосын ақындарға жүгініп, мәтінін жаздырамын. Ал кейде бір ақынның өлеңі жүрегіме қозғау салса, сол өлеңге ән жазамын.
Сөзі мен сазын қатар жазып жүргеніммен өзімді ақын деп санамаймын. Бұл салада «фишка» деген дүние бар. Яғни әннің басты кілт сөзі. Әуелі ән туындаған шақта мен сол кілт сөзді қалыптастыра аламын. Ал ақын соған сүйене отырып, сөзін жазып шығады.
Мәтіннен бұрын әнін жазғанның бір қиындығы әннің буынында шектеу болмайды. Ал өлеңге жазылған әннің артықшылығы – бас-аяғы бар, тап-тұйнақтай жұмыр дүние шығады. Сондықтан ең ұтымдысы өлеңге жазылған ән деп ойлаймын.
– Қазіргі таңда жеке орындауыңызда ән айтып, өнерде өз жолыңызды қалыптастырып жатырсыз. Бұл шешіміңізге не түрткі болды?
– Бала кезімнен өнерге жақын болдым. Домбыра шертуді алғаш рет әкемнен үйрендім. Мектеп қабырғасында жүріп, терме үйірмесінде оқыдым. Одан кейін фортепиано аспабында да білім алдым. Бүгіндері осы фортепиано аспабы бойынша консерваторияны тәмамдадым. Ойлап отырсам, мектеп жасымнан бастап сахнадан түспеген екем. Сол бір бала кезімнен бар арманым үлкен сахналардан көріну, әншілік жол болатын. Ән жаза жүріп бала күнгі арманымды орындағым келді. Әншілік қырымды да сынап көрейін, бәлкім, бағым жанып кетер деген арман, ниетпен қадам басып жатқан жайым бар. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді емес пе?! Әншілік өнерімен бірге саз бен сөзді қатар алып жүру қолымнан келеді деп ойлаймын.
– Байқағанымыз, композиторлар керемет әндерін әншілерге беріп, кейін ғана өзінің әншілік жолын қалыптастыра бастайды. «Неге осы әнді өзім орындап, жарыққа шығармадым екен» деген өкініш болды ма?
– Ондай өкініш менде мүлде болған жоқ. Кез келген ақынның да, сазгердің де бар қалауы жазған дүниесі жалпақ жұрттың аузында жүрсе арманы жоқ шығар.
Ән де, өлең де шығармашылық адамының баласы секілді. Әр адам өз баласының жарқырап, жұрт алдында жүргенін қалайды. Сондықтан жазған туындым бір әншінің бағын ашып, оны елге танытып жатса қатты қуанамын. Маған одан асқан бақыт жоқ!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!