Біз өмір сүретін бейбіт күннің әр таңы мен әр кешінің артында Отан аспанын қырағы күзеткен әскери-әуе күштерінің жанкешті еңбегі жатыр. Әскери авиация – тек ұшақ пен техника ғана емес, бұл – темірдей тәртіп, мызғымас жауапкершілік, антқа адалдық және туған жердің әр сүйемін аман сақтауға деген серт. Қазақстан Республикасының Әуе күштерінің құрылған күніне орай Талдықорған авиабазасының командирі, полковник Әбдімажит Жанахметов сүбелі сұхбат құрудың сәті түсті.

Көк жүзін күзеткен ел сақшысы

– Әуе күштерінде қызмет ету – көпшілік үшін мәртебелі әрі жауапкершілігі зор мамандық. Әскери қызмет сіздің мінезіңізді, өмірге деген көзқарасыңызды қалай өзгертті?

 – Әскери әуе күштерінде қызмет ету – үлкен жауапкершілікті талап ететін, сонымен қатар ерекше қызығы мен қадірі бар мамандық. Менің негізгі мамандығым – әскери ұшқыш. Бұл жолды таңдауыма үлкен ағам себепкер болды. Ол да кезінде ұшқыш болған. Бала күнімізден соған қарап өстік, үлгі алдық. Кейін бұл мамандықты саналы түрде таңдап, 2000- 2004 жылдары Ақтөбе қаласында білім алдым.

Әскери қызмет менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті десем болады. Ауылда өскен қарапайым баладан офицер дәрежесіне дейінгі жол мені тұлға ретінде қалыптастырды. Ең бастысы, бойымда, туған жеріме, Отанға деген сүйіспеншілік бұрынғыдан да арта түсті. Осы қасиеттерді бізге бағыт-бағдар берген командирлеріміз бен ұстаздарымыз сіңірді. Олардың тәрбиесі мен тәлімі бүгінгі қызмет жолымда үлкен мектеп болды

– Қазіргі жастардың әскерге деген көзқарасы әртүрлі. Кейбірі әскери борыштан жалтаруға тырысса, енді бірі оны үлкен өмір мектебі деп қабылдайды. Жастарды әскери қызметке қызықтыру үшін не өзгеруі керек деп ойлайсыз?

 – Әскерге келу – ең алдымен Отанға қызмет ету. Сондықтан Отанға деген сүйіспеншілікті баланың санасына жастайынан сіңіру қажет. Бұл – тек әскери құрылымдардың емес, тұтас қоғамның міндеті. Сонда ғана жас жігіттердің бойында әскери борышқа қатысты күмән болмайды.

 Өкінішке қарай, бүгінде өз еркімен Отан алдындағы борышын өтегісі келетін жастар саусақпен санарлықтай. Көпшілігі оқуға түсе алмағандықтан немесе белгілі бір әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалану мақсатында әскерге келеді. Әрине мемлекет мұндай мүмкіндіктерді қарастырған. Бірақ әскери қызметтің мәні тек пайда көрумен өлшенбеуі тиіс.

Қазір әскери институттарға түсушілердің де саны аз. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Өйткені әлемдегі геосаяси ахуал тұрақты емес. Бізге елін сүйетін, оны қорғауға әрдайым дайын жастар қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам болып әскер туралы алып-қашпа әңгімелер мен жалған ақпараттың алдын алып, әскери қызметтің шынайы мәнін жастарға дұрыс түсіндіруіміз керек. Әскердің бүгінгі жайкүйі тек Қорғаныс министрлігінің ғана емес, бүкіл қоғамның назарында болғаны жөн.

Көк жүзін күзеткен ел сақшысы

– Әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жайында айтсаңыз.

 – Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау деңгейі жоғары деп айта аламын. Кез келген саладағыдай, әскери қызметте де еңбекақының маңызы зор. Ол адамға материалдық тұрақтылықпен қатар, қосымша ынта береді. Кейінгі екі жылда әскери қызметкерлердің жалақысы шамамен 50 пайызға дейін өсті.

Бүгінде әскери авиациядағы жас ұшқыштың айлығы шамамен 700 мың теңгені құрайды. Ал авиациялық инженерлік-техникалық қызметке жаңадан келген лейтенанттардың жалақысы 350-400 мың теңге көлемінде.

 Бұдан бөлек, әскери қызметкердің отбасы мүшелеріне өңірге байланысты қосымша төлемдер қарастырылған. Мысалы, Талдықорған өңірінде әр балаға шамамен 64 мың теңге төленсе, Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда бұл көрсеткіш 100 мың теңгеге дейін жетеді.

Әлеуметтік қолдау мұнымен шектелмейді. Әскери қызметкерлер толық медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі, тегін ем қабылдайды, амбулаториялық көмек алады. Отбасы мүшелеріне де бірқатар жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар еңбек өтілі 20 жылға жеткен әскери қызметкер мемлекет есебінен баспанамен қамтамасыз етіледі. Жалпы алғанда, бұл бағыттағы қолдау жеткілікті деп есептеймін.

– Көпшілік әскери қызметті бұйрық пен тәртіптен ғана тұрады деп ойлайды. Ал сіздің ойыңызша, бұл мамандықтың сырт көзге көрінбейтін ең ауыр жүгі қандай?

– Шынын айтсам, бұл мамандықта «ауыр еңбек атқарып жүрмін» деп айту дұрыс болмас. Бауыржан Момышұлының: «Бұйрыққа бағынған ел – құл болмайды, бұйрықсыз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Бұйрық пен тәртіп кез келген салада болады. Әскерде оның талаптары ғана қатаңырақ. Мұнда темірдей тәртіп орнаған. Берілген тапсырманы бұлжытпай орындайсың. Ал оны орындаудың жолын саған үйретеді. Қалғаны – өз білімің мен тәжірибеңе байланысты.

Меніңше, бұл мамандықтағы ең ауыр жүк – халықтың сенімі мен саған жүктелген жауапкершілік. Сондай-ақ Ата заңға адал болып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы міндетті абыроймен атқару.

Көк жүзін күзеткен ел сақшысы

– Әуе күштерінде қызмет етуді армандайтын жасөспірім қандай қасиеттерге ие болуы керек? Жас оқырмандарымызға ағалық ақыл-кеңесіңізді айтсаңыз.

– Маман ретінде кеңесімді балаға емес, оның ата-анасына айтсам деймін. Себебі біздер, ересектер, енді жетіліп келе жатқан жас ұрпақтың ертеңі үшін жауаптымыз. Олар қия басса да, жетістік тұғырынан көрінсе де барлығы біздің көрсеткен, үйреткен тәлімтәрбиемізден. Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген ұлы сөздерді бар емес пе?! Сол үшін ата салтты сақтап, дәстүрді түсіндіріп отыру керекпіз. Білімге деген құштарлықты оятып, адам бойындағы жақсы қасиеттерді дамытсақ, спортқа баулысақ – ел болашағын сеніп тапсыратын азаматтарды өсіретінімізге сенемін.

– Сұхбатыңызға рақмет! Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!