Өңірде ұлттық үлгіде ерекше мейрамхана ашылды. Атының өзі молшылық пен тоқшылықты танытып тұр. «Бидай». Қазақтың «Ас атасы – нан» деген сөзін басшылыққа алыпты. Тіпті, мейрамхананың әрбір оқшау бөлігінде жайқалып тұрған бидай бар. Бидайықтың жағасында арқаны кеңге салып, шынтақтап жатып ас ішкендей боласыз. Осы кереметті көзбен көріп, көңілге түйіп қайттық.

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын ойға келген бұл идеяның әбден пісіп-жетілген шағы еді бұл. Қаланың қақ ортасына ауыл көшіп келгендей күйге түссін деп, қым-қуыт тірліктің арасында ауылға баруға уақыт таппайтын жұртшылық үшін ауыл қалаға көшіп келгендей. Өңірде әзірге бұл бағыттағы жалғыз нысан – бұл. Алда айқын мақсат пен мұрат бар.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, кіре берістен-ақ қазақылықтың иісі шығып тұр. Киіз үйдің нобайы және оның айналасында ер қаруы, ұлттық киімдер, ат әбзелдері – мұның барлығын ауыл-ауылдан, жер-жерден аралап жүріп жинадық. Біздің мақсатымыз – мұнымен тоқтап қалмай, алда да маңызды қадамдарға бару. Ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта беруіміз керек. Әрі біз оны алдағы уақытта да толықтыра береміз. Ал «Бидай» аталуының себебі, халқымыз нанды ерекше құрметтейді. Ал нан бар жерде ән де, сән де болады. Сондықтан, осылай атадық, – дейді мекеме басшысы Әмірәлі Сәдуақасов.


Мұнда кіреберістен күтіп алушы қызметкерлерден бастап, даяшылар да ұлттық киімде киінген. Арқасында өрілген қос бұрымы қол бұлғап шақырғандай қазақтың қаракөздері мен салмақты, байыпты көзқарастағы бозбалалары да мінсіз қызмет атқарып жүр. Ал кіреберісте қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары, алғашқы монеталар мен ұлтымыздың танымал тұлғалары бейнеленген купюралар қойылған. Мұнда кірсеңіз, санамыздан тыс қалып, ұмытылып бара жатқан талай құндылық ойыңызға оралып, қазақы қалпыңызға түсіп қайтатыныңыз анық.
– Біз жәдігерлерді жинауды тоқтатпаймыз. Ғимарат ішіне ондай құндылықтарды қоятын орын жеткілікті. Алдағы уақытта этноауыл ашуға қадамдар бастап жатырмыз. Садақ ататын орын жасасақ дейміз. Құмай тазы мен қыран бүркіт қойсақ, жазғы отыратын орындар дайындауды ойлап жүрміз. Қазір алғашқы жұмыстар басталып кетті, – дейді мекеме басшысы.


Айтпақшы, тамақтанатын орын болған соң, мәзір тізімін қарадық. Сіз бен біздің ойымыздан шығып кеткен ұлттық тағамдарымыздың түр-түрі мәзірден табылады. Тіпті, қазір нысан иесі аспаздарды үйретіп, дайындап жатыр екен.
– Біз әрбір келушінің талғамынан шығуымыз керек. Өйткені, басты қызметіміз соларға. Сондықтан, ас-ауқат жағына көп мән берілу керек. Аспаздарға өзіміз үйретіп, дайындап жатырмыз. Ұлттық тағамдарымызға қосымша түрлі ингридиенттер қосып, заманауи дәм беріп, ерекше тағамдарды келушіге ұсынудамыз. Иә, мұнда келген әрбір жан өзінің қазақтығын сезініп, ұлттық құндылықтарды ұғыну керек. Біздің мақсатымыз да сол емес пе?! – дейді Ә.Сәдуақасов.
Идея авторлары қазір инстаграм желісіндегі парақшасында тек қана мекемені жарнамалаумен ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын да насихаттауды қолға алған. Мәселен, таяуда ғана осында келушілер бастамасымен тұсаукесер шарасы өтті. Аталған шара жайында бейнематериал түсіріліп, оның аясында тұсаукесер дегеніміз не, ол қайдан шықты, тарихы қандай деген сұрақтарға жауап іздеген. Одан бөлек, жеті ата туралы да танымдық материал дайындалыпты.
– Қай ұлт болса да, бабаларының жүріп өткен жолы қымбат. Атадан-балаға мирас болып қалған құндылық қымбат. Атымызға затымыз сай болып, еңбек етіп, биіктен көрініп жатсақ құба-құп. Осында келушілер жай ғана тамақтанбайды, жәдігерлерімізді тамашалайды, төріміздегі ұлттық сахнада жас өнерпаздарымыздың орындауындағы әуендерді тыңдайды. Қазір біз осында домбыра, қобыз, жетіген аспаптарында ойнайтын жастарды дайындадық. Бір мақсатымыз – ұлттық киімдеріміз тек Наурыз тойларында ғана емес, күнделікті өмірде де кәдемізге жарауына ықпал ету. Қазіргі таңда ұлттық киіммен келушілерге арнайы жеңілдік бар. Осылайша, ұлттық болмысымыздың бой көтеруіне, қазақтай қайсар ұлтымыздың алдындағы перзенттік парызымыздың орындалуына қадам бастық, – дейді кәсіпкер.
Иә, жаһандануға жұтылып кетпес үшін ұлттық құндылықт­арымыз қашан да жанымызда болса деген ой. Мейліңіз, қолыңызға шетелдің «айфонын» ұстаңыз, шетелдің мықты көліктерін мініңіз, бірақ қазақ екеніңізді ұмытпаңыз. Болмысыңыз қазақ болсын. Ұлттық киімді төрге іліп қоймай, иығыңызға жабыңыз. Ал «Бидайға» солай барсаңыз, сізді жеңілдік те тосып тұрғанын ұмытпаңыз!

Дәулет ҚЫРДАН.
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!