Футболдан ел кубогының топтық кезеңі бітуге таяды. Бұл сында қызылорда­лық «Қайсар» мерзімінен бұрын плей-оффқа шықты. 10 ұпай еншілеген «дала қасқырлары» сенсациялық нәтижеге қол жеткізіп, ширек финалда ойнауға мүмкіндік алды. Мықтылар бәсекесінде   Сырдың бас командасында қандай мақсат тұр? Команда капитаны Мақсат Байжановтан клубтың алдағы жоспарын білдік.

– Мақсат, әңгімені ел кубогынан бастайықшы. Футбол жанкүйерлері Бірінші лига өкілінен мұндай көрсеткішті күтпеді…

– Иә, оныңыз рас. Спортта сенсация көптеп орын алады. Әсіресе, футболда. Бірінші лига командалары арасынан талдықорғандық «Жетісу» және біз топтық кезең жолдамасын жеңіп алдық. Іріктеу ойындарының барлығын жеңдік. Жеребеге сәйкес «Қызылжар», «Каспий», «Ақжайық» командалары түсті. Үшеуі де премьер лигада өнер көрсетеді. «Қызылжар» биыл конференция лигасында ел намысын қорғап жүрсе, «Каспий» ел кубогын жеңіп алуға үмітті команданың бірі. «Ақжайық та» осал емес. Жақында ғана білікті бас бапкермен толықты. Сондықтан көбі «Қайсарды» аутсайдер санағаны белгілі. Алғашқы ойыннан-ақ жігіттер мінез көрсетіп, жеңіске жетті. Сол қарқынмен сырт алаңда «Қызылжар» мен «Каспийды» ұтып, ел футболына елеулі жаңалық енгіздік. Жеңіс бар жерде жеңіліс те бар. «Каспийге» өз алаңымызда минималды есеппен жол бердік. Ал 5-турда Оралда 2-2 есебімен тең ойнап, мерзімінен бұрын топтан шықтық. Бұл бір жағынан тарихи жағдай. Өйткені «Қайсар» Бірінші лига командалары арасынан ширек финалға өткен алғашқы ұжым.  

– Ел кубогында негізгі ойыншыларға қарағанда қосалқы құрамның футболшылары алаңға көп шықты. Бұл бапкердің тактикасы ма?

– Қазір құрамдағы барлық футболшыға ойын практикасы қажет. Сол үшін ел кубогы тәжірибе алаңы сынды деп есептесек болады. Команданың кенжесі Ислам Әбілқасовтың өзі дебют жасап, ойынға араласуға мүмкіндік алды. Бұл футбол­шы­ның әрі қарай сенімді ойнауына мүмкіндік береді. Бір жағынан жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін барлық позицияда бәсекелестік қалыптасу керек. Бұл жағы «Қайсарда» бірте-бірте реттеліп келе жатыр. Алаңға барлығын шығарсаңыз да үмітті ақтайды. Оның бір дәлелі Қазақстан кубогындағы «Қайсардың» нәтижесі.

– Кубоктан бөлек премьер-лига жолдамасы үшін талас қыза түсуде. Биылғы жоспар да мықты командалардың арасына қайта қосылу. «Қайсардың» жоғары мақсатқа жетуге мүмкіндігі қандай?

– Біріншілікте мына команда фаворит деп қарау әбестік болар. Кез келген ұжым сауатты ойнаса, ұпай еншілей ала­ды. Сон­дық­тан бар­лы­ғына бір­дей қара­ғаны­мыз абзал. Ал «Қайсардың» премьер лигаға шығуға қауқары толыққанды жетеді. Сол үшін басшылық тарапынан болсын, футболшылар тарапынан болсын тынымсыз тірлік жасалуда.

– Алда жауапты матчтар келе жатыр. Қазақстан кубогын есепке алмағанда «Оқжетпес», «Қыран» секілді басты қарсыластармен күш сынасамыз. Маңызды матчтарға дайындық жұмыстары қалай?

– Тамыз және қыр­күйек айла­рын­дағы күн­тізбе­мізде жауапты мачтар күтіп тұр. 14 тамызда «Қызыл­жар­мен» ел ку­бо­гын­дағы топ­тық кезеңді аяқ­тасақ, 20 тамызда біріншіліктің ойындарын бастаймыз. 31 тамызда ширек финалда өнер көрсетсек, 3 қыркүйекте «Оқжет­пес­пен», 11 қыркүйек­те «Қыранмен» шеберлік байқасамыз. Осы уақыт аралығында көп күш жұмсайтынымыз анық. Сондықтан жаттығу жұмыстарында физикалық бағытта жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Дайындық жаман емес. Командадағы әріптестердің барлығы алдағы ойындарға сақадай сай десем болады. Бастысы қателікке бой алдырмай, жеңіске жетуіміз керек.

Сұхбаттасқан: Ерасыл Шәрібек

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!