Уақыт деген қандай жылдам десеңізші?!… Кеше ғана Сырдың топырағында аунап, балаң балалық шағымды өткеріп жүрген, тұлымшағы желбіреген сары ауыз балапан едім. Қазір 8-сынып оқушысымын. Ес білгелі ұстаздық қызметте жүрген анаммен бірге тарихи орындарды, мұражайларды аралап, жаңа деректерге қанығып өсіп келемін.

Қазақылық қаймағы бұзылмаған Қызылорда қаласының ел тарихында өз орны бар екендігіне дәлел көп. 1925 жылы Кеңестік Қазақ республикасының алғашқы астанасы болды. Ұлтымыздың қазақ атауы қайтарылды. Екі ғасырлық тарихы бар қала бүгінгі күні әлеуеті артып, экономикасы өрістеген, рухани-мәдени байлығы кемелденген іргелі қалалардың бірі. Қала қарқынды құрылыс алаңына айналып, Сырдарияның сол жағалауында әсем ғимараттар бой көтеріп, көптеген үй салынып, халық игілігіне берілді.
Қазіргі таңда орталық алаң да күрделі өзгерістерден өтіп, біздің емін-еркін шаттанып жүруіміз үшін жағдай жасалғаны көңіл қуантады. Шаһарымның әрбір ағашын, саф ауасын, сарқыраған Сырдариясын бала жүрекпен жақсы көремін.
Балабақша қабырғасынан ән айтып, би билеуді, сурет салғанды, жатқа мәнерлеп оқығанды ұнататынмын. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, белсенді оқушылардың қатарындамын, сыныбымның топ басшысымын. М.Қалауов атындағы «Өнер» мектебінің «Хореография» сыныбын үздік тәмамдап, А.Тоқмағамбетов атындағы филармония жанынан құралған «Ақмарал» би студиясының бишісі де болдым. 5-сыныптан бастап қазақтың қара домбырасын қолға алып, дәстүрлі әннің де сырын меңгеруді бастадым. Сыр еліне ғана емес, бүкіл республикаға танымал жырау М.Сәрсенбаеваның шәкіртімін. Ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпазымын. Бұның барлығы болашақта туған жерім Қызылордамның атағын әлемге шығару үшін жасаған алғашқы қадамдарым деп есептеймін.
Р.Бағланова, М.Ералиева, М.Сәдуақасова сынды жезтаңдай әнші болу да, шетел тілін меңгеріп,әлемге елім туралы мәліметтерді паш ету де – армандарымның бірі.
Қызылорда халқы – салтдәстүрді сақтаған, әдет-ғұрыпты құрметтейтін, үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіретін қонақжай халық. Туған жерімнің атын естіген көпшілік бірден күрішті, аты мәшһүр Арал теңізі мен «Байқоңыр» ғарыш айлағын да еске алады.
Туған қаламда көшелерде немесе қоғамдық көлікте жасы үлкен кісілерге орын беріп, сыйластық танытып жатқан үлгіні көріп, мен де осы ізгі қасиетті бойыма сіңіріп, құрмет көрсетемін.
Алашқа ана, талайға пана болған Сыр елінің жүрегі – Қызылорда қаласында туып, өсіп, білім алып жатқаныма мақтанамын.


Айару АМАНБАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!