Тәуелсіздік алғалы өз заңымызды еншілеп, ең құнды капитал адам өмірі деп белгіледік. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген Сабыр Адайдың сөзі ұлтым дер жанашырлардың ұранына айналса керек-ті.Алайда әлем елдерінде жиі кездесетін жүз жылда бір рет туар таланттарды қыршынан қиып, қиянат жасау қазақ қоғамына да дендеп кіргендей. Кейінгі жиырмажылдықта болған оқиғаларға көз жүгіртсек, талай қазақтың мықты азаматтарының арамызға сыймай, орда бұзар отызын да жимай кеткенін байқаймыз. Ең таңғаларлығы – көпшілігі жендеттер қолынан ажал құшқан.

Спорт әлемі

Қамшының сабындай ғұмырын қазақтың атын әлемге әйгілеп, сүйікті ісімен айналысуға арнап кеткен талай тарланбоз тарихта қалды. Уақыт қанша құрығын салса да, олардың есімі елеулі. Дегенмен, қастықпен өлтірілген соң құрмет көрсетіп, мойындаудың не керегі бар?!Жылдарға шегініс жасасақ, жаһан жұртына танымал таэквондо тарланы Мұстафа Өзтүрік Германиядан елге арнайы шақырылды. Көп ұзамай 1995 жылы одан да айырылдық. Сонда мәйітін тексерген сарапшылар оған у бергенін анықтаған еді. Ал допты хоккейден КСРО-ның 19 дүркін чемпионы Марат Жексенбаевқа өз пәтерінде белгісіз қылмыскерлер 20 жерінен пышақ салып өлтірген. Кикбоксингтен ауыр салмақ дәрежесі бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ерхан Садықовтың мәйіті өзінің жеке көлігінен табылған.Сидней Олимпиадасында жиырма жасында алтыннан алқа таққан боксшы Бекзат Саттарханов жарқ етіп жоқ болған құйрықты жұлдыздай 2000 жылы желтоқсанның 31-інде көлік апатынан қаза тапты. Елдің атын әлемге әйгілеп жүрген мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өз көлігінен ұрланған айна үшін пышақталып, қайғылы оқиғаның жұртты дүр сілкіндіргеніне де 3 жыл болыпты. Спорттағы саңлақтардың оқиғасы мұнымен бітпейді.Дамыған елдерде біртуар тұлғаларға арнайы тәлімгер, қорғаушылар тағайындалады. Басқан ізі бақылауға алынып, ерекше қамқорлық көрсетіледі. Шетелдіктердің осы үрдісін басшылыққа алар уақыт жеткен секілді.
Кеше Ақназар, ертең кім?

Өткен жылы күзде Алматы қаласынан табылған 20 жасар Ақназар Қажымұраттың мәйіті таланттардың өміріне бейқам қарайтын, тіпті, сәті түссе, барды жоқ қылуға, ақты қаралауға дайын қоғамның бейнесін аша түскендей. 2018 жылы Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен түлеген білімді жас Гарвард университетіне оқуға түскен. Айта кету керек, сол кезде әлемдегі барлық ЖОО қазақ баласына есігін айқара ашты. Кейіннен Ақназар халықаралық AST және SAT Subject Tests емтихандарында 36 балдан 36, 2400-ден 2400 жинап, бірегей рекорд орнатқан.Талай рет танымал олимпиадалардың жеңімпазы болған студент Алматыға академиялық демалысқа оралған. Алматы полиция департаменті оқыс оқиға аясында жедел-іздестіру тобының құрылғанын хабарлады. Олардың айтуынша, Ақназар Арманұлы соңғы рет 2021 жылы 3 қарашада кездесуге барған. Өлімнің себебі белгісіз. Бірақ жас ғалымның денесінен физикалық зорлық-зомбылық белгісі байқалмаған. Осылайша талант өзге емес, өз елінде қаза тапты.Ақназардың ажалын естіген Гарвард студенттері қазақ баласы жайлы керемет естеліктер жазуда.

Әлем мойындайтын гарвардтықтар қазақ баласының қазасына қайғырып, көңіл айтып жатқанда, мәдениет, ғылым саласындағы басшылықтың аталмыш оқиғалардың жиі болатынына қарамастан, таланттарды қорғауды қолға алмағаны қорқынышты-ақ… Бәлкім, Ақназар Арманұлы қазақтың болашақ Билл Гейтсі болар ме еді?Қазақты жамандама, қазақ бала,Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана.Мәңгілік ай астында, жер үстінде,Қазақтың жанашыры – қазақ қана, – дейді Күләш Ахметова. «Таланттарды өлтіру» ойыны мұнымен тоқтамасы анық. Болған әрі бола береді. Бүгін Ақназар, келесі кім болмақ?!
Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ