Тарихын таныған ұрпақтың тамыры терең, рухы биік болады. Ал қасиетті орындар – сол тарихтың үнсіз куәгері. Сыр өңіріндегі сондай киелі мекендердің бірі – Әппақ әже қорымы.

Қызылорда облысының Арал ауданында қасиетті орындар аз емес. Солардың қатарында халық ерекше құрмет тұтатын, зиярат етушілер үзілмейтін мекендердің бірі – Жетес би ауылдық округі аумағындағы Әппақ әже қорымы. Райым ауылына жақын орналасқан бұл орын бүгінде тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, өңір тарихына қызығатын жандар үшін де маңызды рухани нысанға айналған.

Әрбір киелі орынның артында тағылымды тағдыр, ел жадында сақталған аңыз бен ақиқат жатады. Әппақ әже қорымы да сондай тарихқа ие. Бұл жерге қатысты деректердің басым бөлігі халық жадында сақталған әңгімелер мен шежірелер арқылы бүгінгі күнге жеткен. Жергілікті қариялардың айтуынша, Әппақ әже қарапайым адам ғана емес, даналығы мен көрегендігі арқылы ел құрметіне бөленген қасиетті ана болған.

Уақыт өте келе оның шын есімі ұмытылып кеткенімен, халық арасында «Әппақ әже», «Әппақ ана» деген атау сақталып қалды. Бұл атаудың өзі оның ерекше болмысын аңғартқандай. Ел аузындағы әңгімелерде оның аппақ жүзі, нұрлы келбеті мен көркем мінезі жиі айтылады. Сондықтан да халық оның есімінен бұрын қасиетін есте сақтап қалғандай әсер қалдырады.

Сыр өңірінің тарихын зерттеген өлкетанушылар қасиетті адамдар туралы аңыздардың жайдан-жай пайда болмайтынын айтады. Әдетте халық өз дәуірінде елге пайдасы тиген, ақылымен жұртқа жол көрсеткен тұлғаларды ерекше құрметтеген. Уақыт өте келе олардың өмір жолы аңызға айналып, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде жеткен. Әппақ әже туралы сақталған деректер де осындай халықтық жадтың бір көрінісі.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Әппақ әженің өмір жолы тосын оқиғаларға толы болған. Ел аузында сақталған аңыздардың бірінде оның бұл өңірге келуі ерекше сипатталады.

Аңыз бойынша, Жақайымның белгілі тұлғаларының бірі Жұмыр батыр жыл сайын сауда-саттық жасап, ел қажетіне керек заттарды алып келіп отырған. Бір сапарында ол жолай бір үйге түсіп, сол үй иесінің өтініші бойынша былғарыны етікке айырбастап әкелуге уәде береді. Арада бір жыл өтсе де, батыр аманатқа қиянат жасамай, затты сақтап, келесі жылы иесіне табыстайды.

Жұмыр батырдың адалдығына риза болған қария өзін Тәғай қожа деп таныстырып, екеуінің сүйек дос болуын ұсынады. Сонымен бірге жалғыз қызын батырдың ұлдарының біріне қоспақ ниетін білдіреді. Екеуі келісіп, әрқайсысы өз еліне қайтады.

Бірнеше жылдан кейін күтпеген оқиға орын алады. Бір күні Жұмыр батыр қора маңынан үсті-басы су болған жас қызды көреді. Қыз жөн сұрағанда өзін Тәғай қожаның қызы екенін айтып, бұл жерге қалай келгенін білмейтінін жеткізеді. Батыр осыдан бірнеше жыл бұрынғы уәдесін есіне алып, қызды өз үйіне кіргізеді. Оны бірнеше жыл өз баласындай тәрбиелеп, бойжеткен шағына жеткенде үлкен ұлы Қарабасқа некелейді.

Ауыл адамдары жаңа түскен келіннің сұлулығына ерекше таңырқапты. Ел ішінде «мұндай аппақ жүзді, нұрлы жанды бұрын көрмеппіз» деген сөз тарайды. Содан бастап оның шын есімі көмескіленіп, халық арасында «Әппақ» деген атау кеңінен таралған деседі.

Уақыт өте келе Әппақ ана тек сұлулығымен ғана емес, ерекше көрегендігімен де танылған. Ол кезде халықтың негізгі күнкөрісі балықшылық болған. Таң сәріде теңізге бет алған балықшылардың олжалы қайтатынын немесе құр қол оралатынын алдын ала айтып отырғаны жөнінде көптеген әңгіме сақталған. Әуелде мұны кездейсоқтық деп қабылдаған жұрт кейін оның айтқандарының жиі дәл келетінін байқайды.

Бірте-бірте ауыл адамдары оның сөзіне құлақ асып, ақылына жүгінетін болған. Көпшілік арасында оның көрегендігі мен даналығы туралы әңгімелер кеңінен тарай бастайды. Сол себепті Әппақ ананың беделі күн санап артып, ел ішіндегі сыйлы тұлғалардың біріне айналады.

Әппақ әже туралы айтылғанда оның адамгершілік қасиеттері де ерекше аталады. Ел аузындағы деректерде оның бес уақыт намазын қаза қылмағаны, ешкімге қиянат жасамағаны, айналасына тек жақсылық тілеп өткендігі жиі айтылады. Осындай қасиеттері халықтың оған деген құрметін бұрынғыдан да арттыра түскен.

Қазақ халқы ежелден үлкенді құрметтеп, елге сыйлы адамдарды қадірлей білген. Әсіресе әділдігімен, имандылығымен және даналығымен танылған жандарды халық ерекше қастерлеген. Әппақ әже де сондай құрметке ие болған аналардың бірі саналады.

Бүгінде Райым ауылы маңындағы қорым осы тарихи тұлғаның есімімен байланысты қасиетті орын ретінде сақталып отыр. Қорым аумағында Әппақ әжеге арналған үй үлгісіндегі кесене бар. Оның маңында қарапайым қорым орналасқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жерге келушілердің қарасы жыл сайын азаймайды. Зиярат етушілер дұға бағыштап, ата-баба рухына тағзым етеді.

Қасиетті орындардың құндылығы олардың сәулетімен немесе көлемімен өлшенбейді. Олардың басты байлығы – халықтың жадында сақталған тарихы мен рухани мәнінде. Әппақ әже қорымы да дәл осындай орындардың қатарында.

Жұбатқанқызы Асылзат

Қызылорда облысы,

Арал ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!