Кез келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі оның болмыс-бітімін айшықтап, қоғам игілігін көздеген ісін тізбектеу заңдылық. Белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанына айналып, халық құрметіне бөленген азаматтардың көптігі көңіл қуантады. Бірақ солардың бірен-сараны болмаса, көбінің есімі ел есінде қалған жоқ. Өйткені халық кез-келген адамды атқарған лауазымды қызметіне емес, елге сіңірген еңбегіне қарай бағалайды. Бұл орайда Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің орны да, жөні де бөлек.

Тағдыры тағылымға толы қайраткер жайлы парақтасаңыз, оның өмір өрнегі өнегемен өрілгенін байқайсыз. Себебі кейіпкеріміз қылышынан қан тамған Кеңестер Одағы тұсында Көкшетау, Қызылорда, Торғай облысын басқарып, іскерлігі мен батыл шешімдерінің арқасында тұтас халық үшін мақтан тұтар ардақты азаматқа айналды.

Ол бала кезінен сабаққа зерек болып, Мәскеудегі жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған. Бар-жоғы 25 жасында шаруашылық жұмысына араласып, білім-білігін көпшілікке танытуы еңбекқорлығының жемісі іспетті. Мұнан кейін қайраткер қызметтің қай сатысында жүрмесін мәселені мемлекеттік деңгейде ойлады, сол деңгейде шешті. 1961 жылы Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, содан соң облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылатылды, көп ұзамай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілген. Лауазымды қызметтерді мінсіз атқарып, салауатты да салиқалы қалпынан айнымаған Еркін Нұржанұлының тұлғасынан парасат-пайымы мен байыпты іскерлігі сезілгенін естиміз. Орда бұзатын отыз жасқа жаңа толған Еркін Әуелбековті бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары етіп тағайындаған. Тың игеру жылдары, әсіресе солтүстік облыстардағы кадр саясатының бұрмалануы, келімсектердің лауазымды қызметтерге оңды-солды жаппай тағайындалуы кезінде оның тегеурінді іс-әрекеті екінің бірінің қолынан келе бермейтін батылдық болатын. Өзінің бастығы, министр Моторикамен иық қағыстыра жүріп Еркін Нұржанұлы қиқар мінезді министрді дегеніне көндіре білуі тәжірибелі маман екенін аңғартатындай.

Сол жылдары солтүстік облыстардағы жағдай сын көтермейтін халге жеткені де тарих беттерінде. Мұндай келеңсіз көрініс республиканың бірінші басшысы Димаш Қонаевтың назарынан тыс қалмаған. Осылайша Көкшетау облыстық партия комитетіне бірінші басшыны тағайындау кезінде  Дінмұхамед Ахметұлы басшылық қызметтің түрлі сатысында ысылып үлгерген Әуелбековке ұсыныс жасаған. Бұл кезеңдерде Еркін Нұржанұлы облыстың экономикасы мен ауыл шаруашылығын республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосты, ұлттық кадрлардың білім алып, қызметтерінің өсуіне үнемі қамқорлық жасап отырды. Диқандар арасынан үздік жетістіктерге жеткен қазақ жігіттеріне Социалистік Еңбек Ері атағын алуына да септігін тигізді. Адал еңбекті Леонид Ильич Брежнев те, республиканы ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Қонаев та байқаған, соған орай олар әділ бағасын берген де. Қырық беске келген шағында Еркін Әуелбековке ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы табысталған. Ал мұндай жаста бұл атаққа республикадағы обком хатшыларының бірде-бірі  жетпеген еді.

Мұнан соң Еркін Әуелбеков алдымен артта қалған Торғай облысын көтеруге жіберілсе, екі жыл толар-толмастан «Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік саласын көтеру үшін» деген ұсыныспен Сыр өңіріне тұрақтаған. Қиындықтан қаймықпайтын қайраткер бұл жылдары өзектi проблемаларды уақытында көтеріп, аяғына дейiн жеткiзе орындаған. Мысалы, біздің өңірдегі кейбір фрагменттерге тоқталсам. Біріншіден, ел үшін ерен тұлға Қазақстанда бiрiншi болып Арал теңiзi мәселелерiн көтерiп, оны жалпы мемлекеттiк және халықаралық дәрежеге жеткiздi. Арал теңiзi туралы СССР Министрлер Кеңесiнiң Қаулысын қабылдауға мұрындық болды. Қызылорда облысының әлеуметтiк жағдайын жақсарту және экономикасын жедел дамыту туралы КОКП ОК, Қазақстан КП Орталық Комитетiнiң, КСРО Министрлер Кеңесiнiң бес бiрдей құжатын шығартты. Бұған қоса Жедел геологиялық барлау жүргiзiлiп, мұнай, газ көзi ашылып, Құмкөл байлығының iске қосылуына ықпал етті. Осы кезде облыста «Шалқия» руднигi, «Рисмаш» заводы, аяқ киiм фабрикасы,көлiк-тасымал, құрал-сайман заводы iске қосылған көрінеді.

Шөл және шөлейт өңірлерде тұратын басқа облыстар әлдеқашан алып жүрген айлық, зейнетақыларына 15 пайыздық қосымшаны Еркін Әуелбеков келісімен қолға алғаны да ел есінде. Осы 15 пайызды жұрт осы кезге дейін «Әуелбеков пайызы»  атап жүр. Облысты ІІІ категориядан ІІ категорияға көтеру облыс жұртшылығының тұтынуына қаншама жеңілдік алып келіп, елді мекендер мен олардың инфрақұрылымдарын жобалауда стандарттар бір саты жоғарылаған. Арал өңірін апат аймағы етіп жариялауды заңдастырғанына байланысты осы кезге дейін кей аудандар 50, қалған аудандар 30 пайыздық айлықтарына өтемақы қосылуы Нұржанұлының Сыр өңірі мен көршілес Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облыстарына жасаған ерен еңбегі мен нағыз қайраткерлігінің арқасы. Облыс халқының мүддесімен санасқысы келмеген «Байқоңыр» ғарыш айлағы әскери басшыларының Сырдарияға өнеркәсіптерінің кәріз суын ағызуына, қалдықтарымен теміржол бойын ластауына жауап беруін Еркін Әуелбеков талап еткенімен онымен санасқысы келмеген генералдарын Мәскеудегі партия органдары арқылы алдына келтіруі және оларды жарты сағат бойы қабылдамай күттіріп қоюы не деген ерлік десеңізші!? Ал ол бұл мәселені түбегейлі шешу үшін кейін Мәскеуден Герман Титов бастаған ғарышты игеру басшыларын қатыстыра отырып, облыстық партия комитетінің бюросында қарайды, бұл қылықтарына тиісті баға беріледі. Осыдан соң космодром генералдары «Әуелбеков қазақ емес шығар, 30 жылдан аса облыстың қазақ басшыларымен қызметтес болғанда дәл мұндай бізді аяғымызға тік тұрғызған ешбір басшы болған емес» деген екен.

Еркін Әуелбековтің осындай туралығы, шыншылдығы өзіне таяқ болып тиіп, бір кездері жұмыссыз қалған сәттері де бар екен. Бірақ ол тұста билік басында отырғандар Е.Әуелбековті ұзақ уақыт бойы қызметсіз қалдыруға дәті шыдамаған. Осылайша беделі зор, абыройы биік Ер-ағаға Президент кеңесшісі қызметі ұсынылған.

Ал ең бастысы, ел арасында Әуелбековтің жұмыс істеу стилі, қарапайымдылығы, халықтан өзін жоғары санайтын талай бюрократ бас­шыларды тәубесіне келтіріп, сабасына түсіргені аңыз. Бірге қызметтес болған азаматтардың қай-қайсысы да Еркін Нұржанұлының жаны мен арының тазалығын бағалап, мойындайтынын айтады. Қынжылтатыны, ол кісінің өскен ортасы, өмірбаяны туралы ешбір еңбекте кеңінен жазылмаған екен. Энциклопедиялық анықтама кітаптарда қысқа жазылған ресми мәліметтер ғана бар. Мұның себебін Қазақстанның құрметті журналисі Әшірбек Амангелді «Еркін мақтануды, өзін дәріптеуді ұнатпайтын…» деп қысқа ғана тарқатқанын білдім. Мысалы, Қазалы ауданындағы ерекше оқиғаны алсақ. Бұл өлкеге ат ізін салғанда Еркін Әуелбековті әкім-қаралар күтіп алып, тұрғындармен жүздестірген. Сол тұста жиынға келген бір қария:

– Еркінжан, өзіңе деген ықылас басқа. Ырымдап, немеремнің атын Еркін қойдым. Қазақтың баласысың, үйге түс, бұйыртқан сыбағаңды жеп кетесің, – деп жұрттың көзінше өтініш айтыпты. Сол кезде қайраткер:

– Рахмет, ақсақал. Қазақшылықты мен де жақсы білемін. Алайда, сол саулық мен үшін сойылмай-ақ қойсын. Қошақандарына да ене керек. Негізі мен Қызылорда облысын басқарған 4 жыл ішінде бірде-бір басшының, болмаса сіз секілді шын пейілін ұсынған ел ақсақалдарының үйінен ас ішпеппін. Оны кезінде әкімдіктегі орынбасарларымнан бастап, осы аудандарға шығатын инспекторларға дейін қатаң ескерттім. Есесіне облыста асханалық жүйе дұрыс жолға қойылды. Сол себепті сіз рұқсат етсеңіз, ұстанымымда қалсам деймін, – деп ақсақалдан бата тілепті.

Бұдан бөлек, тағы бір қызықты дерек бар. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жылдар бойы бір танымал экспонат сақтаулы. Ол – өткен ғасырда жарыққа шыққан «Чайка» автокөлігі. 1985 жылдары Кеңес Одағында қайта құру кезеңі басталғаны мәлім. Сол кезеңде Сыр өлкесін Еркін Әуелбеков басқарған екен. Осы жылдары «Горький» автомобиль зауытынан «Чайка» көлігінің небары төрт данасы ғана жарыққа шыққан. Төрт көліктің бірі біздің аймаққа бұйырыпты, аймақтағы атақты тұлғалар мен лауазымды азаматтар осы көлікке мінген көрінеді. Аңызға бергісіз тарихы бар «Чайка» бүгінде отыз бес жылдан бері музейдің құнды жәдігерлерінің бірі ретінде мұражайға көрік беріп, тарихтан сырт шертіп тұр.

 Біз осындай маңызды детальдың бүге-шүгесіне дейін жас буынға насихаттауымыз керек деп білемін. Себебі Еркін Нұржанұлы секілді парасатты, адал азамат, алғыр тұлғаға қатысты қандай дерек болмасын құнды. Оның ұлттық тарих пен құндылықтарды сақтай білетін азаматтық бейнесі барша жұрттың жадында сақталатыны анық.

Майра СЕРІКБАЙ,

Еркін Әуелбеков атындағы №4 облыстық мектеп-интернатының мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!