«Ерлік білекте емес жүректе» дейді халқымыз. Тәуекелді ту етіп, батылдықпен жауға бастаған бағзы бабаның сөзі болса керек. Бірақ бүгінгінің баласы «қоңыраулы найза қолға алып, жалаулы найза жанға алып» жау қашырмай-ақ Отан алдындағы борышы саналатын әскерге барудан қашқақтайды. Соңғы жылдары әскери борышын ерікті өтеушілер қатары азайған. Жастардың көпшілігі әскерге барғысы келмейді. Оған себеп жоқ емес. Ал жыл басынан бері бұл мәселе бірнеше мәрте қоғам талқысына түсіп, оң шешім ретінде әскери қызметтен жалтарғандарға 3 млн 63 мың теңге айыппұл салынатыны жөнінде хабарланды. Жастар әскери жүйеден қорқа ма? Әлде әскерге деген сенімсіздік бар ма?

Білекті бірді,

білімді мыңды жығады

Сонымен борышын өтеуге барғысы келмейтін, жоқ ауруды бар етіп, әскердің ауылын алыстатуды мақсат қылған жастардың көптігін атап өттік. Дегенмен бұл мәселеде әскерден жалтаруға себеп көп. Міндетті қызметке әкетеміз десе ат тонын ала қашатынның көбі әскерге бару уақытты босқа өткізу деп санайды-мыс. «Жаңа технологиялар аз ғана уақыт ішінде адамзат баласының санасына, өмір сүру жағдайына прогресс жасады. Қазір біліммен жарысатын, оқитын заман. Әскерде бір жыл уақыт өткізгенше, қоғамға пайдамды тигізер жұмыс істегім келеді.

Борышын өтеп келгендердің кейбірі «Әскерге бармай-ақ қой» дейді. Ондағы құқықбұзушылықтар жайлы естіп қалатынымыз бар. Қаңтар оқиғасы, Украина мен Ресей арасындағы соғыстан кейін біздің елде де кез келген сәтте қолға қару ұстап, Отан қорғайтын жағдай туындауы мүмкін екенін түсіндік. Дегенмен уақыт өткен сайын әскери жүйедегі жайттар жастарды өзіне шақырудың орнына, алыстатып жатқандай», – дейді Айдос Сердалы. Алайда барлық шартқа сәйкес келетін азаматтардың әскерге бармауға құқығы жоқ. Бір жылым босқа кетеді дегендерге мемлекет әскери тәжірибе жинап, шыңдалуына жағдай жасайтынын ескеру керек.

Әскер – өмір мектебі

Ұлтының тағдырын бір ғана әрекетімен шешкен бабалар жолы уақыт пен кеңістікке бағынбайтын, сан ғасырлық үлгі. Шын мәнінде әскерге бару әрбір қазақстандық үшін абыройлы міндетке айналуы тиіс. Бұл туралы мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Файзолла Қаменов: «Заман өзгергенмен де, еліміздің Қарулы күштері, Ұлттық ұланы бар. Бұрынғыдай емес, әскери міндетті өтеу мерзімі де 2 жылдан 1 жылға қысқарды. Қазір кәмелет жасқа дейінгі білім ошақтарында кадет сыныптары ақсап тұр, әскери-патриоттық тәрбие беру жоқтың қасы. Жастар денсаулығының медициналық тексеруден өтпеуіне күнделікті тұтынатын газды сусын, фаст-фудтың да әсері бар. Соның бәрі денсаулықты құртуда. Балалар кішкентай кезінен смартфонға шұқшиып, көру қабілетінен айырылып жатыр. Бұл – қоғамдағы ең түйткілді мәселе, – дейді.

Иә, бұрын әр бозбала болашақ әке, елдің тұтқасы саналып, мойнына артылар жауапкершілік жүгі әскерге барудан басталатын. Жігіттер қайрат жиып, абыройы биіктеп елге оралатын. Тіпті, 16-17 жастағы жеткіншектердің биліктегілерге соғысқа жіберуін сұрап хат жазуы бала жүректі буған намыстың, тәуекелдің тізгіні болса керек. Балалықтан азаматтыққа өтер кезде жігіттердің бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсағанына халық куә.

Айыппұл бар, шешім жоқ

Арнайы ведомствоның мәліметінше, бүгінде 18-27 жас аралығында азаматтарға әскерге шақыру бойынша арнайы шақырту қағазы және sms-хабарламалар жіберіледі. Шақыртуды алған бойда олар медициналық комиссиядан өтуге міндетті.

«Шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтару 1 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, одан айыруға әкеп соғады», – дейді Қорғаныс министрлігінің өкілдері.

«Айыппұл әскердің абыройын арттырудың орнына оған деген жек көрушілікті тудырмай ма?» деген пікірлер бар. Өйткені айыппұл арқалап-ақ әскерге бармау жолын сатып алуға болады. Бұл ретте жастар тек елді қорғау жолын таңдаса, патриотизмді жоғары қойса дейміз.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!