Түркістан қаласында жетім балалар мен көп балалы отбасылар тұрғын үй кезегінен себепсіз шығарылған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәулет Нарымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тарапынан тұрғын үй беру кезінде 2018 жылы 2330 адам кезекте тұрғанына қарамастан, 2019, 2020, 2021 жылдары кезекте тұрған азаматтарға кезектен тыс тұрғын үй беру фактілері анықталған. Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көп балалы отбасылар тұрғын үй кезегінен себепсіз шығарылған.

Ал, ауыл шаруашылығы саласына жасалған талдау жұмыстарының барысында субсидияны жымқыру үшін жыл сайын бірдей схемалар қолданылып келген. Бұл бағытта ауыл шаруашылығына қатысы жоқ тұлғаларға субсидия бөлу, шығынды кәсіпорындарды инвестициялау және тағы басқа кемшіліктер анықталған.

Сондай-ақ, мұндай кемшіліктер білім беру, әлеуметтік қолдау, медицина саласынанда табылған.

«Білім беру саласында жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде жалған дипломдарды пайдалану, сотталған педагогтарды жұмысқа орналастыру, сапасыз оқулықтарды сатып алу, жұмысқа негізсіз қабылдау, бақылаушы органдарды біржақты тексеру, біліктілік санаттарын заңсыз беру секілді фактілер анықталды. Әлеуметтік қолдау саласында әлеуметтік жұмыс орындарына кезектен тыс жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру, жұмыс беруші тарапынан ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналарын аудармау секілді заң бұзушылықттар бар. Медицина саласында жабдықтарды сатып алуға, олардың бағасын көтеруге, сондай-ақ ғимараттарды негізсіз есептен шығару және ғимараттар мен құрылыстарды жөндеу мәніне мониторинг жүргізілуде» – деді Дәулет Нарымбетов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!