2022 жылдың 4 мамырында Алматыда 16 жастағы Адель Ақанова қайтыс болды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ол өзі тұратын үйдің ауласында асылып қалған күйі табылған. Өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс бір жылдан астам уақыт тергеліп, қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылған. Алайда марқұмның анасы Айнагүл Бейісова тергеушілердің нұсқасымен келіспейді, қызы кісі қолынан қаза тапқанын айтады. ҚазАқпарат тілшісі оқиғаның мән-жайымен танысты.

Қызынан айрылған ана Президенттен көмек сұрады

Іс тоқтатылғаннан кейін Айнагүл Бейісова қызының өліміне кінәлілерді тауып, жазалауға көмектесу туралы өтінішпен президентке ашық түрде жүгінуді ұйғарды. Ол істі толық әрі объективті тергеу үшін Ішкі істер министрлігіне беруді талап етуде.

Әйел өзінің бейнеүндеуінде осы уақытқа дейін жүргізілген барлық сараптамалар мұның кісі өлтіру екенін көрсетіп отырғанын алға тартты.

«Денесіндегі жарақаттар суицид жасағанын жоққа шығарады. Оның үстіне сот-медициналық сараптамада денесіндегі жарақаттар ұшы үшкір доғал заттың әсерінен болғанын көрсетті. Басынан алған жарақаты, қызымның өз аяғымен тұра алмағанын дәлелдейді. Сондай-ақ, ол қараңғы жерде, екі метрден асатын қоршауға өз бетімен шығып, ешқандай тіреусіз ағашқа асылып қалуы мүмкін емес. Оның үстіне қызыма дәрігерлер миопия дигнозын қойған, яғни екі көзіде -2,5. Көзі нашар көретін қызымның өзіне осылай қол жұмсауы мүмкін емес. Осы тұсы зерттелмеген, өйткені физикалық тұрғыдан әлжуаз және дене шынықтырудан босатылған», – дейді ол видеода.

Сонымен қатар, ол Қарағандыда жүргізілген биологиялық сараптамада қызының киімінен қан іздері табылғанын айтты. Алайда бұл теріске шығаруға болмайтын фактілер тергеуде ескерілмеген.

«Қызымды екі адам өлтірді деген куәгерлердің сөзі мен айғақтары есепке алынбады. Олардың айтуынша, қызымды ұрып, кейін асып кеткен. Оның үстіне саусақ ізін тексергенде алақанда да, тырнақ астынан да, қызымның киімінен де арқанның талшықтары табылған жоқ», – дейді Адельдің анасы.

Айнагүл Бейісова тәртіп сақшыларының әрекетсіздігіне шағымданды. Оның айтуынша, полицейлер аула тұрғындарынан жауап алмаған, көрші кеңселердегі камералардан бейнежазбаны талап етпеген, үй-үйді араламаған.

«Тергеушілер көршім берген жауапты ескермеді. Көршім кішкентай қыздың айқайлаған дауысын және ол шамамен 3-5 секундқа созылғанын, кейін «жоооқ» деген дауыс естіліп, темір затқа соғылған бір дыбысты естігенін айтқан еді», – деп еске алады әйел.

Оның айтуынша, Адель қатыгездікті білмейтін жарқын және позитивті бала болған.

«Адельдің өмірге деген үлкен жоспарлары болды. Менің қызым ядролық физик болғысы келді, оның болашағы жарқын болуы мүмкін еді, өйткені Адель сирек кездесетін ақылды және ерекше мейірімді адам. Мен Адель туралы өткен шақта ойлауды және айтуды үйренбедім, мен үшін Адель менімен бірге. Менің басты міндетім – істі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша әділ түрде өзгертіп, жан түршігерлік зұлымдық жасаған қылмыскерлердің жазалануын қамтамасыз ету», – дейді Айнагүл Бейісова.

Президентке жолдаған үндеуінде ол істі қайта қарауды және тергеуді Ішкі істер министрлігінің білікті қызметкерлерінің қолына беруді сұрайды.

Алматы полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты былай деп жауап берді.

«Бұл оқиғаға қатысты Алматы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша тергеу жүргізді. Тергеу органы кәмелетке толмаған адамды өлтіру фактісі бойынша өзінің объективті расталуын таппай, сот-медициналық сараптаманың қорытындыларымен және куәлардан жауап алумен теріске шығарылған барлық дәлелдерді тексерді»,- деп атап өтті ведомстводан.

2023 жылдың 1 шілдесінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды, қаулыны Алматы қаласының прокуратурасы бекітті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!