Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр атырапта талай мықты өмірге келді. Атақты Табылды «Біздің қырда төбешіктей аналар, дүниеге таудай ұлдар әкелген» деген өлең жолдарымен-ақ әр өңірдің тұлғаға бай екенін жеткізіп еді ғой. Бүгінде арайлы Ақмешіттің ақ үмітін арқалап, Сыр-Ананың алдындағы перзенттік парызын өтеуді мақсат еткен дарынды жастардың бір шоғыры «Сыр үміті» жинағына енді. Бұл қатар қоғамның түрлі салаларында еңбек етіп, ел дамуына титтей де болса үлесін қосып жүрген белсенділермен толыққан.

Бүгінде елімізде жастарға барлық жағдай жасалып келеді. «Жастар – елдің қозғаушы күші» деген халық даналығын ескерсек, бұл – болашақтың жарқын болуына жасалған қадамдардың бірі. Жинақта облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың алғысөзі жарияланған.

«Әділетті, жаңарған Қазақстанның даму көрсеткіші де жастардың дамуымен, болашаққа сенімді адам болып қалыптасуымен өлшенетіні белгілі. Президент ұсынған «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы, «Жаңа адамдар» жастар қозғалысын құру жөніндегі бастамалары да мемлекетті түбегейлі жаңғыртып, ел дамуының еңселі кезеңіне қадам басудың бірден бір жолы деп есептеймін. Облысымыздың құрылғанына 85 жыл толуына орай жастардың өз ынтасымен, белсенділігімен жүзеге асып, жинақ болып жарық көріп жатқан бұл кітап сырбойылық жастардың сериялық анықтамалығының басы деп санаймын. Жастарды тануға, замандастарына үлгі етуге мұндай кітаптар керек. Сырдың үкілеген үміттері әрдайым үмітті ақтайды деп сенемін», – делінген алғысөзде.

Ұйымдастырушылар қоғамның түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүрген 120-дан астам жасты қамтыған бұл жинақ болашақта жалғасын табатынын жеткізді.

«Жастық жаспен өлшесең – өмір мәңгілікке созылатын келешек, қарттықпен өлшесең – зымырап өте шығатын өткен шақ. Ақындар жырға қосқан қайран жиырма бестен соң өтіп бара жатқаны сезілмейтін орда бұзар отыз жас, қамал алар қырық жас кезегімен келгенде өлшеулі өмірдің мағынасы мен мәні ойландыра бастайтыны даусыз. Толқынды – толқын, ойды – ой қуған сондай сәттерде қолыңыздағы бұл кітап біздің кейіпкерлеріміздің алғаусыз албырт шағының әдемі естелігі болып қаларынан үміттіміз. Тұңғыш рет түрлі саланың үздіктерін жинақтап отырған осынау пилоттық жоба алдағы уақытта жалғасын табатынына сенеміз», – дейді ұйымдастырушылар.

Жинаққа енген жастардың бірі – Тұрғанбек Бекұзақ. Ол – Шиелі ауданындағы №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Кәсіби жетістіктерге жетіп жүрген жас маманның шәкірттері де білім аламанында ат оздырып келеді. Тұрғанбек үміт артарлар қатарынан көрініп, жинаққа енгеніне қуанышты.

«Әрине, аспанға атқан малақайымыз таяу маңда төмен түскелі тұрған жоқ. Жаңа оқу жылы басталғалы жатқанда бұл бір ерекше құрмет болды. Сыр-Ананың үмітін арқалаған бір перзенті ретінде ел дамуына әлі де сүбелі үлесімізді қоса бермекпіз. Еңбекті елеп жатқан ұйымдастырушыларға алғысым зор», – дейді Т.Сыздықұлы.

Табандылық танытып, өзін биіктен көрсетіп жүрген ел жастарын алда да жарыққа шығар жинақтардан көруге асықпыз.

Дәулет ҚЫРДАН,

СУРЕТТІ ТҮСІРГЕН Н.НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!