Қызылордалық әнші Құралай Мейрамбек Ұлыбританияда өткен «Golden Time Talent» халықаралық таланттар фестивалінде 1-орын иеленді.

Түрлі санаттағы гранд-финал онлайн форматта өтті. Жерлесіміз оған америкалық әнші Бейонсенің репертуарындағы «Listen» әнін орындап жолдаған. Ол табиғи талантының арқасында бірқатар мемлекеттің өнер иелері арасынан оқ бойы озып шықты.

«Байқау Ұлыбритания астанасында жыл сайын өтеді. Оған еліміздің атынан қатысып, жеңіс тұғырынан көрінгендер бар. Мен де сол биіктен табылғаныма өте қуаныштымын», – деді Құралай Мейрамбек.

Бұл Құралайдың алғаш өнер көрсетуі емес. Бұған дейін ол «Қазақстан дауысы» жобасында топ жарды.

«Бозторғай» халықаралық фестивалінде бас жүлде иеленсе, «Славян базары» байқауында  I орын иегері атанған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!