Фото: Kazinform
KAZINFORM – Тұрғындар жиырма жылдан бері бұлақ суын тасып ішіп жүр. Тұрғындар орталықтандырылған құбырдан келетін су ішпек түгілі, кір жууға да жарамайды дейді. Десе де, жұрт лай су ішсе де, ауыз суға ақша төлеп келген.
«Бұлақтан су әкеп ішеміз. Жаз бойы лай боп кетеді суымыз. Мынау су ақ киімді сұп-сұр қылып тастайды, қара киімдер аппақ болып қалады. Батпақ болады бәрі. Ал таза су өте қымбатқа түсуде, 5 литрін 125 теңгеге сатып аламыз, оған қоса үйдегі лай судың әр текше метріне 70 теңге төлейміз», – деді қала тұрғындары.
Текелі қаласы әкімінің сөзінше, маусым айында сүзгі станциясында жөндеу жұмыстары басталады. Алайда, бұл да мәселені шешпейтін сыңайлы. Өйткені, жерасты суы осыдан 46 жыл бұрын салынған сүзгі станциясы арқылы өтеді. Ал, ондағы су құбырлары әбден тозған.
«Бүгінгі күні сүзгі станция 86 пайызға тозған. Ол станция бүгінгі күнге дейін орташа жөндеуден өтпеген. Биылғы ақпанда ағымдағы жөндеуге конкурс жарияланды» – деді, Текелі қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Жетібаев.
Кеншілер шаһары тіршілік нәрін Қора, Шажа өзендерінен алып отыр.
Ал көктем, жаз айларында таудан еріген қар суы ішуге мүлде жарамай қалады.
Былтыр 1 млрд теңгеге бірнеше ұңғыма бұрғыланып, 2 мұнара салынғанын жазған едік. Алайда мұнымен таза ауыз су мәселесі шешімін таппаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!