Теңгелік салымдар бойынша өтемақы есептеуге арналған қаражат екінші деңгейдегі банктерге түсті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап.

«Өтемақы төлеу рәсімінің аяқталып келе жатқанын қуана хабарлаймыз. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 15 наурызда банктерден салымшылардың ақтық тізілімін алып, оларды операторға жолдады. Жақын күндері банктер төлемдерді толық көлемде аяқтайды», – деді ҚДКБҚ төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.

«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ пен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ ақшаларды банктерге аударды. Аударылған қаражаттардың жалпы сомасы – 306,6 миллиард теңге. Ал мемлекет тарапынан 10-пайыздық өтемақыны алатын салымшылар саны – 2 миллион 615 мың 772 адам.

Қағидаларға сәйкес, екінші деңгейдегі банктер екі жұмыс күні ішінде тиесілі өтемақыға өтініш берген депозиторлардың шоттарына аударады.

Теңгелік депозиттер бойынша 10 пайыздық сыйлықақы Қаржы министрлігі мен Қазақстанның Ұлттық банкінің қаражаттары есебінен төленеді.

Банктер сыйлықақы төлеуге өтініштерді бес ай бойы – 2022 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы ақпанға дейін қабылдады. Өтініштерді қабылдау биылдың 10 ақпанында аяқталды.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/79990/

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!