Бүгін облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Сол жағалауда қала тұрғындарына арналған «Төрлет, Наурыз» мерекелік бағдарламасы өтті. Ұлық мерекені халықпен бірге тойлауға келген Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Раушанбекұлы барша қонақтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, елімізге бақ-береке тіледі.- Құрметті қала тұрғындары! Қадірлі қонақтар! Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл мереке халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі саналады. Сонымен бірге, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елімізде айтулы оқиғалар болуда. Күні кеше саяси науқанды өткеріп, ел болашағы үшін өз таңдауларыңызды жасадыңыздар. Осы жыл бәріміз үшін құтты, берекелі жыл болсын!, – деді А.Қамбаров.

Шара барысында қазақтың ұлттық дәстүрі – тұсаукесер рәсімі, «Бауырсақ Party», мерекелік концерт, қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан жайылды. Жиылған халық тұсаукесер рәсімінен кейін мерекелік көңіл күйде ыстық бауырсақтан, қала тұрғындарына арнайы әзірленген ыстық палау өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, мәре-сәре күйде болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!