2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум Қазақстанның саяси-құқықтық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауына айналды. Халықтың тікелей ерік білдіруі арқылы қабылданған жаңа Конституция мемлекетті басқарудың жаңартылған моделін айқындап, құқық үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға негіз болды. Конституцияның өзі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.
Жаңа Конституцияның кіріспесінде Қазақстан халқы мемлекеттілікті тарихи қазақ жерінде нығайтуды, Ұлы Дала тарихының сабақтастығын сақтауды, мемлекеттің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын қорғауды, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң және тәртіп» қағидатын берік ұстанатынын жариялады. Бұл қағидалар енді мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағытын айқындайтын конституциялық құндылықтарға айналды.
Жаңа Конституция мемлекеттік билік жүйесін жаңаша ұйымдастыруды көздейді. Бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына заң шығару өкілеттігін жүзеге асыратын Құрылтай институты енгізілді. Сонымен қатар, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын нығайту мақсатында Қазақстан Халық Кеңесі құрылып, оған заң шығару бастамасын көтеру және республикалық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізу құқығы берілді. Бұл өзгерістер азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Конституцияда атқарушы билік жүйесіне де бірқатар өзгерістер енгізілді. Вице-президент лауазымы қайта енгізіліп, оның өкілеттіктері Конституцияда айқындалды. Бұл мемлекеттік басқарудың сабақтастығын қамтамасыз етуге және атқарушы биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды жаңашылдықтардың бірі болып табылады.
Жаңа Ата Заң адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітуді жалғастыра отырып, құқықтық қорғау тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударады. Конституциялық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуде Конституциялық Соттың рөлі айқындалып, құқық үстемдігі қағидаты мемлекеттік қызметтің барлық саласында басшылыққа алынатыны белгіленді.
Конституция жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге де бағытталған. Мемлекеттік биліктің тиімділігі тек заңдардың сапасымен ғана емес, олардың қоғам игілігі үшін әділ әрі тиімді орындалуымен бағаланатыны жаңа конституциялық модельдің негізгі ұстанымдарының бірі ретінде көрініс тапты.
Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуына жаңа серпін берді. Ол мемлекеттік басқаруды заман талабына сай жетілдіруге, азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған ұзақ мерзімді құқықтық негіз қалыптастырды. Конституция – тек мемлекеттік органдар қызметінің құқықтық негізі ғана емес, әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын басты құжат. Сондықтан оның нормаларын құрметтеу, заң талаптарын сақтау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттарды іске асыру – құқық үстемдігіне негізделген, әділетті әрі қуатты Қазақстанды қалыптастырудың маңызды кепілі.
Құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету
бөлімінің бас маманы
Сактаганова Ляззат Анесовна
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
