Қызылорда қалалық №6 емханың құрылғанына биыл – 30 жыл. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары емхананы Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып беріп, сәттілік тілеген еді. Қиындықты еңсерген еңбек ұжымы бүгінде толайым табысқа жетті. Емханада 41 аймақ, 4 жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімі қызмет көрсетеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетілетін тұрғындар саны – 67 мыңнан астам. Білікті мамандар негізгі ғимарат пен 4 филиалда ел игілігі үшін қызмет етуде. Тұрғындардың 38,2 пайызы балалар, 61,7 пайыз ересектер, 9,3 пайызы қарттар.

Қызылорда қалалық №6 емхананың ғимараты

Емханада науқастарға арналған 40 орындық күндізгі стационарлық емдеу бөлімі бар. Пандемия кезінде күндізгі стационарлық емдеу бөлімімен қатар, үй жағдайындағы стационар режимінде мамандар жан-жақты медициналық және психологиялық қолдау-көмек көрсетті. 2017 жылы Қызылорда облысы бойынша ауруларды басқару бағдарламасы бойынша пилоттық жоба аясында 6 бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында, оның ішінде 3 қалалық және 3 аудандық мекеме іріктеліп алынды. Соның қатарына №6 қалалық емхана енгізілді.

30 жылдық тарихы бар іргелі денсаулық сақтау мекемесінің жанынан арнайы Денсаулық мектебі құрылып, қала тұрғындарының өз денсаулығын бақылай әрі бағалай алуға баулитын ақпараттық кеңес беріледі. Денсаулық мектебінің тұрақты келушілері немесе дәрігердің нұсқауымен келіп қатысатын науқастар сұрақтарына мамандардан жауап алып, әрі қарай денсаулығын жақсарту үшін кеңестер, дереккөздер мен таратпа материалдар алады. Сонымен қатар, біздің мамандар Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, Облыстық жастар денсаулығы орталығымен бірлесіп түрлі өзекті тақырыптарда кездесулер, ақпараттық үгіт-насихат шараларын, акциялар, онлайн семинар, онлайн сұрақ-жауап өткізу дәстүрін жылдар бойы жалғастырып келеді.

Емхананың «Жүректен – жүрекке» әлеуметтік жобасы мен кәсіподақ ұйымы, №6 қалалық емхананың жанынан құрылған Шапағат Бастауыш Партия Ұйымы тұрмысы төмен тұрғындарға түрлі акциялар аясында көмек көрсетіп келеді. 💡Үздіксіз кері байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желілердегі парақшалар (фейсбук, инстаграм), ресми сайт және саll-орталық мамандары ақпараттандыру – мониторингілеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға жедел жауап беріп отырады.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова емхана жұмысымен танысып, емделушілердің жағдайын сұрады.

Алғашында Соғыс және еңбек ардагерлерінің емханасы болып ашылған. Кейін бас дәрігер етіп Облыстық денсаулық сақтау басқармасының инспекторы Қылыш Наурызбаев тағайындалған. Қ.Наурызбаев 1996 жылға дейін емхананың қалыптасу және дамуына үлкен үлесін қосқан. Емхана басшылығында 1996 – 2009 жылдары Бахыт Піржанова бас дәрігер қызметін адал атқарып, қала халқының құрметіне бөленді. 2009-2016 жылдар аралығында Әділбай Медетбаев емхананың бас дәрігері лауазымын атқарып, өзінің елеулі үлесін қосты. 2016 жылдан бері Қожарипова Жаннат Шайхисламқызы №6 қалалық емхананың бас дәрігері қызметін атқарып келеді. Білікті басшының бастамасымен емхана заман талабына сай жабдықталған, науқас жандарға ем шипа көрсетуде медицина жетістіктерімен ұштастырып, кез-келген аурудың алдын алуда, анықтауда, емдеуде жоғарғы деңгейде көмек беріп келе жатыр.

Жанат Шайхисламқызы, бас дәрігер.

«Биыл еліміз үшін үлкен тарихи мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Егемендікпен біте қайнасқан емхананың материалдық базасы жыл өткен сайын нығайып келеді. Мемлекет қолдауымен медицина мамандары біліктіліктерін арттырып келеді. Тәуелсіздік жылдарында төл медицинамыз қарыштап дамыды. Емханалар қайтадан жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен толықты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, пандемия кезінде жасаған жанкешті жұмыстары үшін емхана қызметкерлеріне үстемақы төленді. Бұл – салаға көрсетілген зор қолдау. Мұның барлығы – адам денсаулығын жақсартудағы ілкімді істердің көрінісі» , – дейді емхананың бас дәрігері Жанат Шайхисламқызы.

Гүлбану МАҚАЖАН