Ата-бабамыз аңсап, найзаның ұшы, білектің күшімен келген егемендік алғанымызға отыз жыл. Айтулы уақыт ішінде көптеген іс атқарылып, өшкеніміз жаңғырып, өткеніміз жаңарып келеді. Осы аралықта Қазақстан Республикасы етек-жеңін жинап, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерлігінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінгі дамыған, гүлденген кезеңге жеттік. Дамудың дара жолына түсіп, жаңғырудың жарқын үлгісін көрсетіп келеміз.

ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған дәуірі.  Елімізде білім беруді және ғылымды дамыту үшін түрлі шаралар кешенді іске асырылуда. Бұл білекке емес, білімге сенетін заман.  Ғұлама ғалым әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деген болатын. Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің заманымыз – ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсене кірісетін кезең.

Осы ретте мемлекетімізде білім мен ғылым саласын дамыту жолында түрлі жұмыстар атқарылуда. Ең алдымен бұл мәселе негізгі күн тәртібінен түспей, жыл сайынғы мемлекет басшысының Жолдауынан да көрініс тауып отырады. 2021 жылғы Президент Қ.К.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да ғылым мен білімді дамыту жолындағы негізгі мақсаттар айқындалды. Мемлекет басшысы өз Жолдауының үшінші бағытын «Сапалы білім беру» деп атап, онда оқу бағдарламасын жаңарту, педагог біліктілігін арттыру, білім беру жүйесін жетілдіру туралы сөз қозғай келіп, «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз… Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз» деген тұжырым жасады.

Тәуелсіздік алғалы облыс көлемінде де ғылым мен білімді дамыту жолында біршама жұмыстар жолға қойылды. Атап айтар болсақ, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қызылорда облысы бойынша 223 балабақша  жұмыс жасап, онда 14543 бала тәрбиеленген еді. Ал биылғы есеп бойынша облыстағы 670 мектепке дейінгі ұйымда 58 мыңнан аса бала  тәрбиеленуде. Елбасының бастамасымен «Балапан» бағдарламасы қабылданып, 2020 жылға межеленген жоспар 2015 жылы орындалғанын да айта кеткеніміз жөн. Жалпы Тәуелсіздік алғаннан бері осы күнге дейін 424 жеке балабақша ашылған.

Сондай-ақ, отыз жыл ішінде облыста 164 мектеп ғимараты пайдалануға берілген. Оның ішінде 24 жаңа мектеп желісі ашылған. Осылайша апатты және үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі шешілді. Және оқу ордаларындағы материалдық-техника­лық база нығайып келеді. Аталған мек­тептердің 65 пайызы жаңадан физика, хи­мия, биология кабинеттерімен жаб­дық­­талған. 124 мектепте робототехника ка­би­­неттері жұмыс жасайды. Облыстағы мек­­­теп­­тер түгелдей интернет желісіне қосылған.

Сондай-ақ, қоғамдағы ерекше топтағы балалардың еш кедергісіз білім алуына жан-жақты жағдай қарастырылған. Бұл топтағы балалар үшін инклюзивтік білім алуға жағдай жасаған мектептердің үлесі 2013 жылы 13 пайыз болса, 2019 жылы Жол картасы қабылданып, қазіргі таңда 91 пайызға дейін жеткен.

2015 жылы Қызылорда облысы балалар үйі жоқ аймаққа айналғанын да атап өткен жөн. Облыста 80 орындық отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы жұмыс жасауда. Республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысы бойынша 2013 жылдан 2020 жылға дейін облыстың 19 педагогіне «Үздік педагог» атағы берілген. Жергілікті бюджет есебінен соңғы 8 жыл ішінде «Үздік орта білім беретін ұйым» гранттық жобасы жүзеге асырылуда. 2021 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен бөлінетін қаржы көлемі еселеп артып отыр.

Мектепке дейінгі білім беру орталықтарында, орта білім беру ордаларында, колледждерде үш тілділік саясаты жолға қойылып, кей пәндерді ағылшын тілінде оқыту жобасы басталды.

Ғылым мен білім саласы ұдайы даму үстінде. Бұл Елбасының салып берген даму жолы мен Президентіміздің әр жылдардағы алға қойған нақты тапсырмаларының жемісі. Біздің тоқталып өткеніміз білім беру саласындағы жеткен жетістіктердің бір бөлігі ғана. Ғалымдар мен педагогтерді ынталандыру барысында атқарылып жатқан шаралар да өз жемісін беріп келеді.

Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары қойылған мақсаттар мен міндеттердің 93,4%-ға орындалғанын көрсетеді. Ендігі кезекте 2019 жылдың желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасы бойынша орындалған міндеттердің пайыздық үлесі жоғары болатындығына сенім мол.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты