Қарағанды облысының мектептері ата-аналардың наразылығынан кейін бес күндік оқу аптасына қайта көшірілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ата-аналардың наразылығын облыстық білім басқармасы елеп-ескеріп, өз шешімін жариялады.

«Ата-аналар тарапынан келіп түскен өтініштерді назарға ала отырып, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшыларына бес күндік режим тұрғысында кесте құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды», – делінген Қарағанды облыстық білім басқармасының хабарламасында.

4 қыркүйекте Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен кеңес өткізді, онда оқушылардың екі күн – сенбі және жексенбіде демалуы үшін бес күндік режимге сай сабақ кестесін құру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс алға тартылды.

Кеңес барысында Қарағандының төрт мектебі қазіргі уақытта бескүндік оқу режиміне оралғаны, ал сабақ кестесі қайта қарастырылып жатқаны айтылды.

Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысында ата-аналардың алты күндік оқу аптасына қарсы ереуілге шыққаны туралы жазған болатынбыз. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!