«Бейбіт заманда байқаусызда балалар ысқырып қалса, атам қатты ұрысатын. Біз бала едік, түсінбейтінбіз. Ал дәл сол ысқырық оған қанды майданды еске салатынын кейін ұқтық. Жарылған миналардың ұшқыны да дәл солай ысқырып өтеді екен ғой…
Бізге бір ұрсып, артынша «еліміз тыныш, жұртымыз аман, заманымыз бейбіт болсын, ұрпағымыз енді соғыс көрмесін» деп дұға жасап отыратын еді…».
Батыр атасын еске алған Маржан апай сөзін дәл осы естеліктен бастады.
Әр шаңырақта ұрпағына үлгі болған, әр сөзі жүректен өшпейтін, есімі ел жадында сақталған тұлға бар емес пе!? Сол есімдердің бірі – Ікрам Төлебаев.
1911 жылы дүниеге келген Ікрам ата бейбіт тіршіліктің адамы еді. Ұрпағының айтуынша, Ікрам Төлебаев 7 жылдық орта білімі бар қарапайым ауыл баласы болған. Ағасы Әбді Төлебаев ұстаздық жолды таңдап, балаларға білім берумен айналысқандықтан, соғысқа алынбай, тылда қалады. Ал Ікрам ата болса, тағдырын майданмен байланыстырған буын өкіліне айналды. Осылайша 1941 жылы басталған сұрапыл соғыста жауға қарсы шығу үшін қаруын қолына алып, майданға аттанады.

Оның майдан жолы – тарихтың ең ауыр нүктелерімен тұспа-тұс келгендей. 1942-1943 жылдары Сталинград түбіндегі фронтта, 1943-1945 жылдары Украина, 1-ші Балтық, 3-ші Беларуссия, Шығыс Пруссия майдандарындағы кескілескен ұрысқа тікелей қатысқан.
Ікрам Төлебаев 87-гвардиялық атқыштар дивизиясының 192-гвардиялық артиллериялық полкінде жауынгер болды. Бірақ ол жай ғана сарбаз емес еді. Шығыс Пруссияны фашистерден азат ету кезінде телефонист қызметін атқарған ол оқ пен оттың ортасында байланыс жүйесін үзбей ұстады. Жарылып жатқан бомбалар мен миналарға қарамастан, үзілген байланысты 26 рет қайта жалғап, бөлімшелердің арасындағы байланысты сақтап қалған.
Жауынгердің бұл ерлігі елеусіз қалмай, 1943 жылы «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен, ал 1945 жылдың ақпанында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Сонымен қатар 1945 жылдың сәуірінде екінші мәрте «Қызыл жұлдыз», 1985 жылы ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, кейін жеңістің 30,40,50 жылдығына арналған медаль табысталған.
1945 жылдың 9 мамыры. Қан майдандағы ұрысқа соңына дейін қатысқан Ікрәм ата елге оралды. Бірақ соғыс оның жадынан ешқашан кеткен емес.

Майданнан кейінгі өмірінде де Ікрам ата елге адал қызмет етті. Ол Сырдария ауданына қарасты Қаракөл ауылында зейнет жасына дейін есепші, бас есепші, кейінгі жылдары қойма меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған. Ұлы Отан соғысының мүгедегі бола тұра, қол қусырып отырмай, бейбіт еңбекке араласуы – оның өмірлік ұстанымын айқындайды. Қаракөл жерінде үздіксіз еңбек еткен ардагер 1974 жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанған. Бұл – тек еңбек жолының емес, ел алдындағы адал қызметтің де бағасы.
Батыр атаның ұрпағы оның есімін мақтанышпен еске алып, ерлік жолын кейінгі буынға үлгі етеді. «Ер есімі, ел есінде» демекші, осындай тұлғалар ұрпақ жадында сақталып, әрдайым құрметпен айтылатын қастерлі есім.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!