Нарық заманында кәсіптің кілтін табу оңай шаруа емес.  Істің ыңғайын біліп, көзін табатын жандарға қолтықтан демеп жіберетін қаржы болса, іс дөңнен төмен сырғыған доңғалақтай жүріп кетеді. Бұл сөзімізге Еңбекші ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Мұқағали Нәби дәйек бола алады.

Бүгінде барған жердің денінде құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Соған сай Мұқағали құрылысқа сұранысқа ие кәсіптің көзін табуға тырысты. Алдына мақсат қойып, соған жету жолында аянбай ізденді. Нәтижесінде мемлекеттік  бағдарлама арқылы 540 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алды. Осылайша өз ісін жандандыруды көздеген жас кәсіпкер бүгінде шлакоблок шығару бойынша шағын өндірісті қолға алып, құрылысқа қажетті өнімді шығарып отыр.

– Шлакоблок дайындауды жүзеге асыру аса шыдамдылықты, еңбекқорлықты, тиянақтылықты, әсіресе дәлдікті қажет етеді. Қаражатымызға сай құрылғыларын сатып алдым. Бүгінде күніне 500-ден аса шлакоблок шығарып жатырмыз. Бизнес жолына түскен соң әрине, жан-жақты білім қажет. Осы тұрғыда бизнес-кеңесші курсын оқып, сертификат алдым. Алдағы уақытта жоспар өте көп, – дейді жас кәсіпкер. Шлакоблоктың құрамы цемент, қиыршық тас және судан тұрады. Соңғы уақытта нарықта үй салу жилеп кеткен соң, құрамындағы заттардың қолжетімділігіне және бағасының арзандығына байланысты сұранысқа ие болып тұр. Сондықтан өз ісін бастағанына аз уақыт болған кәсіпкердің тұтынушылары да пайда болып үлгерген. Жасы кәсіпкердің айтуынша, шлакоблокты аудан көлемінде сатып жатыр екен. Расында Мұқағалидің кәсібі арқылы ауылы асқақтап тұр. Бүгінде Еңбекшіні осы шлакаблок арқылы көбісі таниды.

– Мен жастайымнан еңбекке араластым. Мектеп жасында жүріп-ақ ата-анама үй шаруасына көмектесетінмін. Сондықтан еңбекпен келген нанның тәтті екенін білемін. Алдағы уақытта шлакоблок өндіріс цехын ашып, осы кәсіп бойынша икемі бар, жігерлі жастарды жұмыспен қамтысам деген арманым бар. Әрине, ол үшін тоқтаусыз жұмыс істеп, мол табыс табуым керек, – дейді М.Нәби.

Жаста болса, бас болып жүрген Мұқағалидың ізденісі мен талпынысы, іскерлігі мен белсенділігі таңқалдырады. Оның нарықтық қоғамды меңгеріп, уақыт талабына сай амал-қарекет жасауы замандастарына үлгі-өнеге болуға лайықты-ақ.

Ерасыл ШӘРІБЕК