Қазақстанда электронды сауданы ынталандыру үшін біршама шара қабылданып жатыр. Экономиканың осы маңызды саласына серпін беру үшін Сауда және интеграция министрлігі шағын және орта бизнес өкілдерін онлайн бизнес жүргізуге оқыту үшін арнайы платформа құрды.
Жалпы елде электрондық сауданы ынталандыру және ШОБ өкілдерін оқыту, жеткізу қызметі, логистикалық сервистерді дамыту, заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ онлайн трансшекаралық сауданы дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша көптеген студенттерді электронды коммерция негіздеріне оқыту мақсатында биыл jumysbar.kz платформасында оқыту модулі іске қосылды. Онда оқу материалдары, бейне сабақтар, түрлі сәтті онлайн-кәсіпкерлермен сұхбаттарды көруге болады. Одан бөлек ішкі электронды сауданы ынталандыру шеңберінде шағын және орта бизнес өкілдерін онлайн бизнес жүргізуге оқыту жұмысы белсенді жүргізілуде. Ол үшін осы жылдың қыркүйегінен бастап Сауда және интеграция министрлігі SmartDuken.kz платформасын іске қосады. Бұл платформаны AIFC FintechHub-тің жетекші жаһандық төлем компаниясы Mastercard-пен бірлесіп әзірлеген. Осы жылдың өзінде платформада 4 курс іске қосылады.
Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, 2019 жылы Қазақстандағы электрондық сауда нарығының көлемі шамамен 700 млрд теңгені құраған. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 2 есе өсіп, 1,1 трлн теңгеден асқан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!