Әрбір кәсіпкер саладағы қиындық пен тәуекелді ерте тануды қалайтыны анық. Себебі алдын ала болжанған кедергіні жеңу оңай, сараланған биікті еңсеру жеңіл. Содан жас кәсіпкердің көбі тәжірибелі әріптестерінен ақыл-кеңес сұрап, жол нұсқауын қолқалайтынын білеміз. Табысты азаматтар да өздерінің жеңіс жолы туралы кітап әзірлеп, үздіктер қатарында болудың құпиясын ашып жатады. Осы орайда ғаламтор мен жеке даму кітабында жиі айтылатын кеңесті кәсіпкерлер назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Алғашқы ақыл – сапа деңгейін сақтау. Байқасаңыз, Рим империясы тұсында салынған Колизей бүгінге дейін сау жетті. Ғимаратқа қолданылған құрылыс материалдары кез келген бетоннан берік, әсемдігі небір нысаннан көркем. Мұның сыры сапада жатыр. Яғни, алдымен табыс пен пайданы ойламай, сапаға көңіл бөлсеңіз, қалғаны өзі-ақ келеді деген сөз.
Өз ісіңізді жаңылмай табыңыз. Ең маңызды да мәнді кеңес осы болмақ. Көптеген кәсіпкердің жеңіліс тауып, күйреуінің бір белгісі дұрыс кәсіпті таңда­мауында жатыр. Таңдау­дан жаңыл­мау үшін кәсіп түрінің өмір­шең­дігі мен салған қаржының қайтарым жолын екшеген абзал. Мысалы, барлық ақшаны Жаңа жылдық тауарларға салу ең ұтымсыз тәсіл. Оның орнына күнделікті тұтынатын немесе жыл бойы қолданыста болатын өнімді саудалау анағұрлым жеңіл.
Келесі кеңес – тұтынушы талғамын ескеру. Сатып алушысыз ешбір кәсіпті алға сүйрей алмасыңыз анық. Тұтынушы­ның қалауын, оған көрсетілетін қызмет сапасын жақсартпай, пайда табамын деу бекер. Оған қоса бір келген клиенттің қайта оралуы үшін сапалы жұмыс істеу сізді бәсекелес­теріңізден ерекшелейтінін ұмытпаңыз. Сол үшін азаматтарға қолайлы орта құру, жеңілдік науқанын ұйымдастыру таптырмас амал болады.
Аздан бастау артық етпейді. Мақсат-мұраттың биік болғаны жақсы-ақ. Алайда, «көрпеге қарап көсілу» жөн. Жоспар құрып, мақсатқа жету жолын бөлікке бөлу қажет. Аздан көпке, төменнен жоғарыға көтерілген пайдалы. Қаншама атақты компаниялар да жұмысын аздан бастаған. Мәселен, Amazon компаниясы шағын кітап дүкенінен басталғанын білесіз бе? Кәсіп иесі уақыт өте дүкенін ұлғайтып, жаңа тауарларды сатылымға шығара бастаған. Демек, аздан бастау адастырмайды.
Қызметкер сапасы – шешуші фактор. Өнімді жұмыс үшін ұжымдық ұмтылыс пен қызметкер қабылеті басты рөл ойнайды. Бір қарағанда аса маңызды көрінбегенімен дәл осы қызметкер сапасы кәсіптің алға жылжуына мүмкіндік беріп, ойға алған межені орындауға септесетінін ұмытпаңыз. Егер қызметкеріңіз тұтынушымен дөрекі сөйлесіп, жұмысын адал атқармаса, табыс пен болашақтан құр қалдым дей беріңіз. Сондықтан кәсіптің оқу мен біліктілік арттыру курсына жаныңызға қызметкеріңізді серік етіңіз.

Берен Шағыров

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!