ҚазҰУ ‒ менің бала күнгі арманым. Алатаудың баурайында керметтей ғимараттарымен көз тартатын мекенде әрдайым оқысам ғой, сол қасиетті мекенде үлкен өмірге аяқ бассам ғой деп армандаушы едім. Шүкір, армандар орындалады.

2016 жылы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің Автоматтандыру және басқару деп аталатын жаңадан ашылған мамандығына балмұздақ болып түстім. Сол уақыт ақпараттық технологиялық бағыттағы мамандықтар математикалық мамандықтардан жеке бөлініп жатқан тұс болатын. Көп ұзамай-ақ 2017 жылы жеке  Ақпараттық технологиялық факультеті болып іргетасы қаланды. «Цифрлік Қазақстан – жаңғыруға бастайтын жол» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтпақшы, технологиялар қарыштап дамып жатқан уақытта, ҚазҰУ-да осы үдеріске өз үлесін қосуды жөн көрді. Факультетімізде білім алушы түлектерге барлық жағдай жасалған. Компьютерлік кабинеттер, лабораториялар мен осы бағытта өз ісімді ашамын деген жас мамандарға бизнес орталығы да өз қызметін ұсынады. Заманға сай соңғы технологиялармен жабдықталған жерде оқу да, сонымен қатар тәжірибеңді арттыру да ерекше сезім сыйлайды.

Университет бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын іске асыру, студенттердің тәжірибе алмасуы және тағылымдамалар өткізу бойынша әлемнің 418 ірі халықаралық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жасайды. Жыл сайын шетелдік оқу орындарында оқимын немесе тәжірибе алмасамын деп ниет білдірген талапкерлерге ҚазҰУ кереметтей мүмкіндіктер ұсынады және Қазақстанның белді университеттерімен де тығыз байланыс жасап, еліміздің білім-ғылым деңгейін көтеруге күш салуда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлі де алар асуы биік, жетер жетістігі орасан университет. Жыл сайын еліміздің мүддесі үшін жұмыс жасайтын мамандарды шығарып отырған  орда.

                                 А.ЖаҢабекова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!