Танымал актриса, продюсер Жұлдыз Әбдікәрімова Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі оқыс оқиға кезінде ескертпеген жауапты органдарға шүйлікті.
“Ресми ақпаратқа сүйенсек кеше қалада 6-7 балл көрсеткішімен жер сілкінісі болған. 44 адам түрлі жарақат алған. Ұялыға ескертпе хабарлама келмеген, дабл сиренасы болмаған. Неге? Үйде жайбарақат жатқан жұрт бірі жалаңаш, бірі баласын құшақтап далаға шыққан. Ал енді бірі осы сәтті пайдаланып өзге үйлерге кіріп, қолына түскенін ала қашқан. Бұл арпалысты такси қызметкерлері де пайдаға асырып баққан. Такси құны 10 мың теңгеге дейін көтерілген. Қолайсыздық кезінде жүгенсіз кететін таксопарк тарифін қашан бақылауға аламыз осы?”, – деп күйінді актриса.
Сондай-ақ, өнер иесі алматылықтардың бәрінде дабыл сөмкесінің болуы керегін айтады.
“Апат кезіндегі алғашқы әрекет пен жолсөмкені дайындау туралы ақпараттың тиісті деңгейде таратылмайтыны тағы бар. Алматы қауіпті сейсмикалық зона болғандықтан әр үйде «дабыл сөмкесі” болуы міндетті дер едім. Одан бөлек бұқаралық ақпарат құралдарына апатты жағдайда адамдарға алғашқы әрекет туралы ақпаратты үнемі таратып отыру міндеттелсе?!”, – дейді Жұлдыз.
Еске салайық, Алматыдағы жер сілкінісі кезінде шоу-бизнес өкілдерінің қалай әрекет еткендерін жазған едік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!