Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.

Басқосуға комиссия мүшелері мен тиісті мекеме басшылары сондай-ақ, кент және ауылдық округ әкімдері «Zoom» платформасы арқылы қатысты.

Комиссияның күн тәртібінде ауданда орын алған төтенше жағдайға байланысты атқарылған жұмыстардың есебі туралы бір мәселе қаралды.

Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев сөз алып, төтенше жағдай кезеңіндегі атқарылған жұмыстар жайын тарқатып өтті.

Нақтырақ тоқтала кетсек, осы кезге дейін аудандағы мал басының есебі жүргізіліп, нәтижесінде барлығы 205 822 бас төрт түлік малға 180 күнге 184 640 тонна шөп қажет екендігі есептеліп нақтыланды.

Осы қажеттілікке сәйкес бүгінгі күні ауданға 11596 тонна шөп азығы және 535,6 тонна жем азығы жеткізілді. Сонымен қатар облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Қызылжар елді мекені тұсындағы «Бектау» каналын қазу, Аманөткел елді мекеніндегі «Бұрмақұлақ» учаскесінде дария арнасын бөгеу және Мергенсай елді мекені «Үшшоқы» мал жайылымдық жерінде су ұңғымасын қазу жұмыстары басталып кетті.

Бұдан бөлек, ауданымыздағы қуаңшылық жағдайына сәйкес жерлесіміз, қоғам қайраткері, меценат Болат Өтемұратовтың қорынан бөлінген 213 млн тенге қаржы аясында бірішні кезекте аудандағы аз қамтылған тұрмысы төмен отбасыларына 900 тонна бидай кебегі жемін алып беру бағытындағы жұмыстар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Қостанай, Ақтөбе облыстарынан 484 тонна жем тасымалданып, жергілікті жердегі қоғамдық кеңестің шешімімен күтімде 5-6 ірі қара және 10-нан астам уақ малы бар тұрғындарға беріле бастады.

Бұған қоса, қор қаржысы есебінен Аманөткел елді мекеніндегі «Аспай» су ағытқысын іске қосу бағытында құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Сондай-ақ, алдағы уақытта мал азығын дайындайтын сервистік орталықтар құру мақсатында 2 селолық тұтыну кооперативіне жуық арада екі бірлік МТЗ-82.1 жиынтығын алу жұмыстары жоспарлануда.

Мұнан өзге, ауданға қарасты Беларан ауылдық округіндегі «Жыңғылдықақ» мал жайылымдылық алқабына су ұңғымасын қазуға қаржы бөлу және ауыз судан қиындық көріп отырған Құланды, Ақбасты және Тастүбек елді мекендеріне су таситын водовоз көлігін алу бағытында тиісті шаралар қабылдануда.

Жалпы төтенше жағдайларды жою бағытында аудан әкімдігі тарапынан арнайы мамандармен құрылған жұмысшы тобымен арнайы штаб күнделікті атқарылатын шараларды, қабылданатын шешімдерді қатаң бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізіп келеді.

Осылайша жоғарыда аталып өткен жұмыстардың жайы кеңнен талданған комиссия отырысының қорытындысымен аудан басшысы тиісті сала басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне  алдағы уақытта атқарылу тиіс шаралар мен жұмыстардың бағытына сәйкес нақты тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде әрбір атқарылатын жұмыстардың мерзімге сәйкес сапалы орындалуын және ашық ақпарат көздері арқылы тұрақты түрде халық назарына жеткізілуін қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.

Еске сала кетейік, Арал ауданында «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешім 2021 жылдың 12 шілдесінен бастап күніне енгізілген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!