Эколог Мэлс Елеусізов Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Қазақстандағы экологиялық апаттар туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мэлс Елеусізов бұған дейін Алматы қаласында үлкен жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтып дабыл қаққан болатын. Сұхбат барысында журналист экологтан Алматы қаласында болуы мүмкін 12 балдық жер сілкінісі туралы сұрады. 

“Мен оны бекер айтып жүргенім жоқ. Бұрыннан белгілі дүние. Қателеспесем, 1912 жылы Алматыда үлкен жер сілкінісі болып, қала түгелдей қирап қалған. Ал қазір сондай болса, қорқынышты болады. Бұл жер сілкінісі кез келген уақытта болуы мүмкін. Жүз жыл өтті. Әр жүз жыл сайын қайталанып отырады. Тарихта жазулы ғой барлығы”, – дейді эколог.

Экологтың айтуынша, Алматы қаласы 12-балдық жер сілкінісі болуы мүмкін жерлердің арасында Индонезия, Жапония, куриль араладары және Чилиден кейін бесінші орында тұр. 

“Біз ұсыныста беріп көрдік. Адамдар Алматыдан ауылдарға көшуі керек. Меніңше, Алматыда тұруға болмайды. Қала қазір “газ камеранасына” айналды. Су да жетіспейді бұл да өте үлкен проблема”, – дейді эколог. 

Сондай-ақ эколог Қазақстандағы АЭС салу мәселесіне қатысты да пікір білдірді. 

“Станцияны салқындату үшін міндетті түрде су қажет. АЭС-ті Балқаш маңына салу Балқаштың суын жылытады. Бұл жақсылыққа апармайды. Балқашқа салудың қажеті жоқ. Балқаштың деңгейі төмендеп бара жатыр. Каспиийге салуға болар еді, бірақ қазір ол да тартылып барады”, – дейді эколог. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!