Кәсіп бастағысы келетін әр азамат идеясын жүзеге асыруда қаржы мәселесіне келгенде тығырыққа тірелетіні белгілі. Мұндай кезде Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы мәселенің шешімін табуға болатынын көпшілігіміз біле бермейміз. Осы мақсатта қор арқылы кімдер несие ала алады? Ол үшін ұзақ жылдық тәжірибе болуы міндетті ме деген сауалдар төңірегінде қор директорымен әңгімелескен едік.
– Ерлан Серікханұлы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының несиелендіруге бағытталған бағдарламалары туралы айтып өтсеңіз. Қандай бағытқа басымдық беріледі?
– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017 жылдан бері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асырып келеді. Осы бағдарламаның аясында ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Нақты айтар болсақ, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобалары бар. Несие жалпы 6 пайызбен беріледі. Сонымен қатар әр салаға байланысты 1 жылдан 2 жылға дейінгі аралықта жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Бұл кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жасалып отырған мүмкіндік. Бұдан бөлек мал шаруашылығын дамытуға арналған тағы бір жобамыз бар. Ірі қара, қой, түйе, жылқы шаруашылықтарына 10 жылға 30 млн теңгеге дейінгі сомада несие беру қарастырылған. Бұл жеке кәсіпкерлікке, шаруа қожалығына және фермерлік шаруашылыққа бағытталған бағдарлама. Несие субсидияны есептегенде 6 процентпен беріледі. Екі жылға дейінгі жеңілдік мерзімі бар. Несиені тоқсан сайын немесе жарты жылда бір төлеп тұруға болады. Бұл жерде фермердің айналысатын шаруасына қарай және төлем кестесі шаруаның мүмкіндігіне қарай жасалады. Осы орайда тағы бір айта кететін жеңілдік бар. Егер шаруа асыл тұқымды ірі қара мал сатып алатын болса, кепілдікке 25 пайыз жеке меншік мүлкін қояды, қалған 75 пайызға сатып алған малды кепілге қоюға болады. Бұл шаруаларға өте тиімді болады деп есептейміз. Біріншіден, кепілдік мәселесі шешіледі. Екіншіден, асыл тұқымды мал басын көбейтеді.
– Несиеге қол жеткізудің алгоритмі қандай? Несиеге алу процесін жеңілдету немесе жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?
– «Еңбек» бағдарламасы аясында шағын несиені жұмыссыз азаматтар және жеке кәсіпкерлер ала алады. Егер жұмыссыз азамат болса, жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, ол жерден «Бастау» жобасы бойынша бизнес негіздері оқу курсынан өтуі тиіс. Содан кейін ол жерден алған сертификаты мен бизнес-жоспарын бізге көрсетіп, ары қарай несиеге өтінім қалдырады. Ал кәсібін 3 жылдан астам уақыт жүргізіп келе жатқан жеке кәсіпкер бизнесін кеңейткісі келсе, бірден өтінім қалдыруына болады. Тек қосымша бір жұмыс орнын ашуы тиіс. Осы тұста, несие алушыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, өтінім берушінің несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек.
– Былтыр ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кәсіпкерлерге жеңілдетілген шағын несие беру үшін 36 миллиард теңге қаржы бағыттады. Биылғы қаржы көлемі қанша?
– Былтыр бөлінген қаржы сомасы уақытылы және толық көлемде игерілді. Биыл да сол бағыттарға 40 миллиард теңге шамасында қаражат жоспарланып отыр. 2021 жылға Қордың Қызылорда облысы филиалына қарастырылып жатқан сома көлемі 5 333 042 000 теңгені құрайды.
– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауылдар мен шағын қала тұрғындарына жеңілдетілген шағын несие беріп келеді. Бағдарлама 2017 жылы басталды, биыл аяқталады деген қаншалықты рас?
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аты айтып тұрғандай, 2017 жылы басталып, 2021 жылы аяқталады. Бірақ келесі жылдарға үкімет тарапынан ауылдар мен шағын қалалар халқын қолдауға бағытталған жеңілдетілген несиелерді қарастыратын Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті жаппай дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» Ұлттық жобасы әзірленуде.
– Білуімізше, биыл қор егіс алқаптарын ерікті сақтандыру жүйесін іске қосты. Жүйенің қандай артықшылығы бар?
– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры егіс алқаптарын құрғақшылықтан және топырақ ылғалының артық болуы салдарынан сақтандыру жүйесін оператор ретінде іске қосты. Өздеріңізге белгілі, бұрын міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеген болатын. Биыл ерікті сақтандыру жүйесін іске асыру жөнінде жаңа заң қабылданып, қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа сақтандыру жүйесі үйден шықпай-ақ сақтандыру шартын жасасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлер мемлекеттік субсидияның көмегі арқылы сақтандыру шығынының жартысын өтеп алды. Биыл егіс алқаптарын сақтандырған фермерлер алғашқы төлемге қол жеткізді. Сақтандыру шартын жасасудан бастап сақтандыру жағдайын тіркеуге дейінгі процесс www.qoldau.kz платформасындағы «Agroinsurance» ақпараттық сервисінде жүзеге асырылады. Осы жерде айта кету керек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыру, тәуекелдерді азайту және салаға инвестор тарту үшін сақтандыру сыйақысын субсидиялайтын мемлекеттік қолдау қарастырылған. Шарт жасалған соң фермер сақтандыру сыйақысы сомасының тек 50 пайызын төлейді, қалған бөлігі мемлекеттік қолдау есебінен төленеді.
– Қор арқылы несие рәсімдегенде берешекті қайтарудың екі механизмі ұсынылады. Яғни аннуитетті және бөліп төлеу. Қайсысы тиімді?
– Кредит ресімдеу кезінде біздің менеджер несие алушыға оны өтеудің екі түрлі нұсқасын ұсынады – аннуитеттік және сараланған. Аннуитеттік төлем несиелеудің бүкіл мерзіміне созылатын тең айлық төлемдерді білдіреді. Сомаға: несиелік берешектің бір бөлігі, есептелген пайыз кіреді. Бұл ретте несиені өтеудің бірінші айлары немесе жылдары төлемнің басым бөлігін – пайыздарды, ал аз бөлігін – негізгі борыштың өтелетін бөлігін құрайды. Кредиттеудің соңына қарай тепе-теңдік өзгереді: басым бөлігі негізгі кредитті өтеуге, аз бөлігі – пайыздарға жұмсалады. Төлемнің бұл түрі сомасы көп емес тұтынушылық несие үшін қолайлы: сіз төлем сомасын нақты білесіз және бюджетті алдын ала жоспарлай аласыз. Сараланған төлем – несиелеу мерзімі ішінде теңбе-тең азаятын теңдей емес ай сайынғы төлемдер. Төлемнің ең көп бөлігі – мерзімнің бірінші ширегінде, ең азы –төртінші ширегінде жүргізіледі. «Орта» төлемдер әдетте аннуитеттегі сияқты. Ай сайын негізгі борыш теңдей үлеске азаяды, пайыз болса берешектің қалдығына есептеледі. Сондықтан транш сомасы төлемнен төлемге өзгереді. Бұл тәсіл ұзақ мерзімді кредиттер үшін жақсы және қаржы ұйымдарына төленетін пайыздар бойынша төлемді үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Айтыңызшы, 4 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиені кімдер ала алады?
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қор көп балалы және аз қамтылған отбасыларына сыйақы мөлшерлемесі 4 пайыз болатын жеңілдетілген несие береді.
– Пандемия кезінде көптеген кәсіпкерлердің жұмысы тұралап қалғаны белгілі. Әсіресе бизнес саласында қызмет атқаратындарға оңай тиген жоқ. Сіздердің жұмыстарыңызға қаншалықты кері әсер етті?
– Дүниежүзін шарпыған пандемия тіпті әлемдегі алпауыт мемлекеттердің экономикасына ауыр соққы болғаны рас. Бізге де кері әсер етпеуі мүмкін емес жағдай ғой. Бірақ біз соған қарамастан тоқтаусыз жұмыс істедік. Қызметімізді жылдағыдан кем атқарған жоқпыз. Қандай шектеулер болғанына қарамастан ретін тауып, барынша белсенді жұмыс істедік деп айтуыма толық негіз бар. Халықтың дер кезінде несие алуын қамтамасыз етіп, қолдау көрсеттік. Былтыр пандемия кезеңінде кәсіпкерлерге жеңілдік жасап, төлемін кейінге шегердік. Алғашында наурыз айынан маусым айына дейін шегерілген, одан кейін қыркүйек айының 15-іне дейін тағы ұзарттық. Бұл да кәсіпкерлер үшін үлкен көмек болды. Бір сөзбен айтқанда, Қор әрқашан өз тұтынушыларға барынша қолдау көрсетеді.
– Ауыл шаруашылығымен айналысуға жастардың қызығушылығы қаншалықты деңгейде?
– Ауылдық елді мекен және қала тұрғындары арасында несие алуға берілген өтінімдер арасында басым бөлігі жастар екенін атап айту керек. Бұл дегеніміз қазіргі жастар еңбек етіп, кәсіп бастауға ынталы дегенді білдіреді. Еңбек бағдарламасы жастарға, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан соңғы уақытта бізден несие алғандардың арасында жастар көп. Биыл 29 жасқа дейінгі көптеген кәсіпкерге несие берілді.
– Несие рәсімдеуге қала тұрғындарынан гөрі ауыл азаматтарының қызығушылығы жоғары. Десе де несие алу үшін кепілге қоятын мүлік құны жетпесе, басқа да тетіктер қарастырылған ба?
– Несие алушының кепілге қояр мүлкінің құны жетпеген жағдайда Қоғам тарапынан екінші деңгейлі банктерге және басқа қаржы ұйымдарына (несие серіктестіктері, микроқаржы ұйымдары) кепілдендіру қызметі ұсынылады. Өздеріңіз білесіздер, екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға бара бермейді. Кейінгі кездері бұл көрсеткіш күрт төмендеп кетті. Мысалы, 2014 жылы салаға банктер 431 млрд теңге бөлген болса, 2019 жылы қаржыландыру көлемі бес есеге төмендеп, 89 млрд теңге ғана болып қалды. Сол себепті, біз банктердің шаруаларға да несие беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында осындай кепілдендіру саясатын қолға алдық. Бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдейтін шаруалардың несиесін кепілдендіру механизмі басталды. Бұл механизмнің негізгі мақсаты – екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына несие беруін ынталандыру, банктердің несиелік тәуекелдерін бөлу және Агроөнеркәсіп саласын қаржыландырудың тиімділігін арттыру.
– Бұл жобаға кімдер қатыса алады?
– Өте орынды сұрақ. Кепілдендіру жүйесіне екінші деңгейлі банктердің несиесі арқылы инвестициялық жобаларды іске асырғысы келетін және іске асыруды жоспарлаған фермерлер мен жеке кәсіпкерлік субъектісі қатыса алады. Яғни акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, фермерлік шаруашылықтар, шаруа қожалықтары және тағы басқалар. Кепілдендіру шартына сәйкес, жылдық мөлшерлемесі 17 пайыздан жоғары болмайтын 3 млрд теңгеге дейінгі несие сомасының мерзімі 10 жылдан аспауы тиіс. Кепілдендіру Агроөнеркәсіп кешеніндегі және тамақ өнімін өндіру қызметінің барлық түрі бойынша инвестициялық жобаны іске асыруға беріледі. Сондай-ақ кепілдендірілетін басым инвестициялық бағыттарды атап өтуге болады. Олар: тауарлы сүт фермасы, етті құс шаруашылығы, қарқынды бақтар, жылыжайлар, қант қызылшасын өсіру және қант өндіру, жарма өндірісі, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу, өсімдік майы мен май өнімін өндіру жобалары. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры несие сомасының 50 пайызына дейін кепілдендіреді. Басым инвестициялық жоба іске қосылғанша кепілдік мөлшері 85 пайызға дейін болады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кепілдік мөлшері 50 пайызға дейін төмендейді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өте тиімді тетік болары сөзсіз.
– Қандай жағдайда несие алуға берілген өтініш мақұлданбайды?
– Өтінім берушінің несие тарихы бұзылған жағдайда, кепіл құжаты кепілге қоюға жарамаған уақытта т.б. Қоғамның ішкі талаптарына сәйкес келмеген жағдайда несие өтінімі мақұлданбайды.
– Несие алушылар тарапынан қордың қай бағдарламасына сұраныс көп және нақты қанша несие берілді?
– Несие алушылар арасында басым бағыт ол мал шаруашылығына беріледі, осы жылдың басынан бері қоғам тарапынан 331 өтінім 1 754 970 000 теңгеге мақұлданған болса, оның 254 өтінімі 1 276 740 000 теңгесі мал шаруашылығы үлесінде.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру – негізгі жоспарымыз. Бұл сала қор қызметінің басым бағыттары болып қала береді. Сонымен қатар несие алушылардың уақыты мен қаржысын үнемдеу үшін бизнес-процестерді оңтайландыру жұмысы да жалғасады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!