Киіктен зардап шегіп отырған 6 облыстын шаруалары қауқарсыз болып отыр.

Бүгін пленарлық отырыста  «Ауыл» фракциясының депутаттары еліміздегі киік санын тез арада реттеуді көтеріп, Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

Депутаттардың айтуы бойынша, киік санының күрт көбейуіне байланысты біршама қиындықтар туындап отыр.  

«Соңғы ресми мәліміттерге сәйкес бүгінде киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90 пайызы Қазақстанның батысында мекендейді. Негізінде салалық министрліктің есебі бойынша киіктердін саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді. Жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістіктерді киіктер тобы бір таптап өткенде-ақ миллиондаған қаржылары желге ұшады. Мысалы, Қазақстанның солтүстігінде жылына 150 мыңдай гектар егін алқаптары бүлінеді, орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе сол өңірдің шаруалары 14 млрд.теңге шығынға ұшырайды. Несие қайтара алмаған шаруалар банкрот болуда», – дейді депутат Аян Зейнуллин. 

Ол сонымен қатар бұл мәселеге келгенде Үкіметтің еш әрекетсіз отырғанын айтады. 

«Киіктен зардап шегіп отырған 6 облыстын шаруалары қауқарсыз болып отыр. Тапталған егістіктің өтеуі жоқ.  
Сонымен қатар түрлі себептермен мерт болған киіктер де көп кездесуде. Кең далада қараусыз тегін жатқан дүниеге ауыл жұртынын қызығушылы артатыны заңдылық. Мерт болған киік мүйізін кесіп алғандар сотталып жатыр, онын ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар. Бұл жерде заң бұзушыларды жақтап жатқанымыз жоқ. Мәселені осындай деңгейге дейін жеткізбеу керек. 

Сондай-ақ, мерт болған киіктер түрлі ауру ошағына айналады. Шаруалардың малы сол жерде жайылатындықтан оларға ауру жұғып, эпизоотиялық ахуал ушығады. Қазақстанға киік мәселесімен қаншама шетелдік сарапшылар келгенімен ешқандай нақты қадам жоқ. 

Қазақстанның ең бірінші байлығы – халқы болғандықтан, дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба деген өзекті сұрақ туындайды. Тез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар? 

Егер, Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру тетігін енгізу керек. 
Бұл мәселеде нақты шешім керек», – делінген депутаттық сауалда.

фото: inform.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!