«Алғашқы адамдар от үшін, ежелгі адам­дар алтын үшін күрескен, қазіргі адамдар мұнай үшін, ал келешекте адамдар  су үшін соғысатын болады». Су шаруашылығы сала­сын бес саусақтай білетін ұстаз осылай дегенде шынымен ойланып қалдым. Расында қазір Қазақстандағы судың жайы мәз емес. Шығыста – Қытайға, оңтүстікте – Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға, батыста – Ресейге тәуелдіміз. Себебі де анық, еліміздің аумағына ағып келетін ірі өзендер аталған елдерден бастау алады.

Көршілердің көңіліне қараған соң, шаруалар жыл сайын күріш көлемін азайтып-ақ келеді. Арал аймағын қуаңшылық қысып, мал мен жанға оңай болмай тұрғаны тағы бар. Айта берсе, сұрауы бар судың түйткілі көп, бірақ соңғы кезде тағы бір мәселе жиі айтылып жүр. Су саясатының дұрыс жүргізілмеуі, қуаңшылықтың алдын-алуға деген шарасыздық сала мамандарының жеткіліксіздігінен бе деген сауал туындайды осындайда. Қоғамның талқысына түскен маңызды тақырыпты кәсіби мамандармен әңгімелесе отырып, тарқатуға тырыстық. 

Грант көп, таңдау неге аз?

Аймақтағы сушы мамандарды даярлайтын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасынан жыл сайын 15-20 түлек өндіріске жолдама алады. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл сайын су шаруашылығы мамандығы бойынша 75-140 мемлекеттік білім беру гранты бөлінеді. Оның 10-15 пайызы Қызылорда өңіріне яғни Қызылорда университетіне бұйырады. Қалған 60-70 пайыз грант Алматы қаласындағы оқу орнына және 10-15 пайызы басқа облыстағы су ресурстары және суды пайдалану  бағыты бойынша білім беру бағдарламасына тапсырушыларға тиесілі екен.

Кафедра меңгерушісі Бахытжан Шаянбекова және «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша бітіруші түлектер

Бахытжан ШАЯНБЕКОВА, «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты:

− Су шаруашылығы саласында сушы (гидротехник) мамандар аз деген пікір жиі айтылады, ол рас. Өңірдегі күріш өндіру көлемі елімізде өндірілетін күріштің 85 пайызын құрайды және күріш дақылының су қажеттілігі  басқа дақылдардан 5-6 есе жоғары. Суды ұтымды пайдалану үшін егін шаруашылығымен айналысатын әрбір шаруа қожалығында егіс көлеміне сәйкес бас гидротехник, техник гидротехниктер қызмет атқаруға тиісті. Өкінішке қарай кейбір шаруашылықтарда гидротехниктер жоқ.

Университет түлектері мекемелер сұранысын толық қамтамасыз ету үшін университет пен су шаруашылығы мекемелер арасында меморандумдар, келісімшарттар жасалуда. Өндіріс пен білім беруді тығыз байланыстыру, студенттерге білім беруге тәжірибелі мамандарды тарту, дуальды оқыту мақсатында жұмыстар атқарылуда. Айта кетейін, мамандыққа құжат тапсырған мектеп түлектері бейінді пән ретінде математика мен физиканы таңдайды. Жылына кафедра бойынша 15-20 түлек бітіреді және олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Олардың арасында басқа қызметке кеткендері де бар, − дейді Б.Рахманбердіқызы.

Осыдан біраз жыл бұрын университеттің 5-інші корпусы нағыз сушылардың ортасы болғаны, бір мамандыққа жыл сайын 150-200 студент жиналатыны жиі айтылады. Бірақ қазір оқу гранты қолжетімді болса да өңірдегі оқу орнына құжат тапсырушы түлектер аз. Мұның себебін сала маманы келесідей түсіндірді:

– Өйткені талапкерлердің басым бөлігі үлкен қалаларды таңдайды. Басқа қаладан бітірген су мамандары Қызылордаға келмейді, өзімізден бітірген мамандардың кейбірі елге, су, ауылшаруашылық саласына баруға ынтасы болмай  екінші оқу оқып, басқа салаға кететіні тағы бар.

Трансшекаралық өзендер мәселесінде екі мемлекет ортақ суды қалай пайдаланатынын, қанша суды табиғатқа экологиялық тұрғыдан қалдыру қажет, су ресурстарын, экологиялық қажеттіліктерді бағалау керек деген сұраныспен қатар, әлеуметтік жағдайларды ескере отырып, қандай да бір нақты шешімге келу үшін кәсіби деңгейде су мамандары дайындалу керек.

Осы тұста Қызылорда университетінде бүгінгі заманның талабына сай мемлекет аралық су саясатын сауатты шешетін  мамандар даярлау бағытында жұмыстар атқарылуда. Су ресурстары және суды пайдалану даярлау бағытындағы оқитын білім алушыларға Франциядан зертханалық қондырғылар алынды, сонымен қатар өңірлік оқу орындарына бөлінетін қаражат есебінен зерттеулер жүргізу мақсатымен 408 000 000 көлемінде қаражат бөлінді. Сонымен қатар гидрополитика немесе су саясаты және басқа да бірқатар сабақтарды әлемдегі университеттердің рейтингісі бойынша алдыңғы қатарда тұрған Щвейцариядағы Цюрих Жоғары техникалық университетінің, Женевадағы Су Хабы профессорларын дәріс беруге тарту жоспарланды. Университетте аталған даярлау  бағытында магистратура және докторантурада білім алушылар  білімін жалғастырады. Сонымен қатар  Су ресурстары және суды пайдалану, даярлау бағытында Докторлық Кеңес жұмыс жасайды.

Келесі оқу жылында «Елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын цифрландыру» білім беру бағдарламасы реестрге енгізілді. Білім алушылар су шаруашылығын автоматтандыру мен цифрландыруды, су шаруашылығының геоақпараттық технологияларын  толық меңгереді”, − дейді Б.Шаянбекова.

Су маманын ұстамаудың салдары қандай?

Жалпы Қызылорда облысының егін шаруашылығы инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егіс жүйесінде жүргізіледі. Өз кезегінде ауыспалы егістік ауыл шаруашылық дақылдарын егетін атыздарға суды жеткізетін каналдар жүйесінен және олардан өтетін су көлемін реттейтін гидротехникалық құрылыстардан тұрады. Ал каналдар жүйесі магистралды, шаруашылықаралық, учаскелік және карталық сияқты топтарға бөлінеді. Бұл каналдардағы гидротехникалық құрылыстардың жұмысын күнделікті реттеп отыру гидротехник және гидрометр мамандарына жүктеледі.

Облыстық және аудандық деңгейдегі егін шаруашылығына қажетті су көлемін жоспарлап, басқарып отыратын  «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы мен оның аудандық бөлімдері де қажетті су мамандарымен жасақталған. Әйтсе де сала мамандары қазіргі ақпараттық техникалардың дамуына және суды реттеуде автоматтандыру құрылғыларының енуіне байланысты су мамандарының біліктілігін көтеруде мәселе бар екенін айтады.

Жорабек ЕРНАЗАРОВ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті  «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Қызылорда филиалы директорының орынбасары:

‒ Ауыл шаруашылық дақылдарын егетін шаруашылықтардың гидротехник мамандармен қамтамасыз етілуі өте төмен деп айтуға болады. Себебі қазіргі кезде облыстағы ірі күріш шаруашылықтарымен қатар, жүздеген майда күріш өндіруші шаруашылықтар бар. Майда шаруашылықтар арнайы су мамандарын ұстамайды. Сондықтан кезекті жылы егін шаруашылығына қажетті су көлемін жоспарлауда және ағымдағы жылы алып жатқан суды дұрыс басқаруда қиындықтар туындап, су шығындары болатынын ескеру керек. Сол үшін егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар су мамандарын жұмысқа қабылдауы керек деп санаймын немесе шаруашылықтар бірігіп, су пайдаланушылар кооперациясын құрып, жұмысты жүйелендіру керек.

Жалпы облыстың су шаруашылығы мекемелері мен шаруашылықтарды қажетті су мамандарымен қамтамасыз етуде мәселе бар. Себебі Қазақстан бойынша су мамандарын Алматы, Тараз және Қызылорда қалаларында орналасқан ЖОО-да даярлайды. Көбіне ұтып алған білім гранттары абитуренттердің қалауы бойынша сырттағы оқу орындарына орналастырылады. Ал сыртта оқыған балалар Қызылорда облысына, оның ішінде шаруашылықтарға бара бермейді. Өйткені оларды ынталандыратын немесе басқа да ықпал жасайтын шаралар жоқ,  ‒ дейді Ж.Ерназаров.

Жас маманға жағдай жасалған ба?

Аймақта су шаруашылығының құрылысын салу, жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарымен және де қала, ауыл мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысуда «Мелиоратор» мекемесінің орны бөлек. 2001 жылы құрылған бұл мекемеге қазір 60-тан астам инженер-гидротехник маман қабылданған. Мұндағы мамандар соңғы 6 жыл көлемінде республика бойынша мемлекеттік таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасымен жұмыс жүргізіп келеді. Аталған жағдайға байланысты мекемеде жұмыс істейтін техник-инженерлер саны жеткілікті  және әр маман үшін жағдай жасалынған дейді мекеме басшылығы.

Әділхан ҚАРЛЫХАНОВ, «Мелиоратор» ЖШС мекемесінің бас инженері:

‒ Гидротехник ‒ ауыл шаруашылық саласындағы ең қажет мамандықтың бірі. Мұны қазіргі жастар біле бермеуі мүмкін. «Су – тіршілік көзі» десек, осы су шаруашылығымен айналысатын маманның қадірі қаншалықты екенін түсінуіміз керек. Өрісімізді, егістігімізді  суару ‒ сол мамандардың жұмысы. Қазір бізде инженер-техник мамандардың 80%-ы ‒ 25-35 аралығындағы жастар. Статистикаға сәйкес суармалы жерді игеріп жатқан шаруа қожалықтарында сумен жұмыс істей алатын нағыз мамандар өте аз. Бірақ Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орны Қорқыт ата университетін бітірген жас мамандар үшін үлкен мүмкіндіктер бар, соның ішінде «Мелиоратор» ЖШС аталған университетпен келісімшарт жүргізген.

Жыл сайын мекемеге келуге ниетті жас мамандарды жұмысқа қабылдаймыз. Бірінші айларда 100 мың көлемінде жалақы тағайындалады. Жас мамандарды әр учаскелерде 2-3 адамнан бөліп жібереміз. Сол жерде тәжірибелі мамандардың қасында жүріп, барлығын үйренеді. Мекемеде «жұмыс істеймін, үйренемін» деген жастарға толығымен жағдай жасалынады. Айлығы бір жылдың ішінде жасаған жұмысына, қабілетіне байланысты көтеріледі. Сол себептен «су мамандары жетіспейді» деуге негіз жоқ. Жастардың профессионалды түрде дамуы әр адамның ынтасына байланысты деп ойлаймын.

Ең алдымен, мелиоративтік жүйені пайдалана алатын, суды үнемдеу, тиімді пайдалану жұмыстарын бір жүйеге келтіріп жүргізе алатын гидротехника инженерлері қалыптасса дейміз. Осы салада суару технологиясының жаңа заманауи түрлерін ойлап табатын жас мамандар болашақта көбейеді деп сенемін, ‒ дейді Ә.Қарлыханов.

Гидротехник нені білу керек?

Су тапшылығы ‒ әлемдік мәселе. Географиялық орналасуы, табиғи-шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстан үшін де су мәселесі үнемі қадағалауды қажет етеді. Осы тұста елдегі су жағдайына аз-кем тоқталсақ.

Қазақстанның су ресурстары орташа сулы жылдары 115 км3 құрайды. Бұл судың 55 км3 ғана ел аумағында қалыптасса, қалған 60 км3 шетелдердің аумағынан ағып келеді. Әрине, оның бәрі толық ағып келмейді, 15 км3 су көрші мемлекеттер аумағында тұтынылады. Жалпы алғанда, жер үстіндегі суға қатысты екі үлкен қауіп бар. Біріншісі – климаттық өзгерістер, екіншісі – шетелдерден ағып келетін су көлемінің азаюы. Осыдан-ақ елдегі суды үнемдеуде сушы мамандардың қызметі маңызды екені анық білінеді.

Тоқтар МАХМУД,  «Мелиоратор» ЖШС мекемесінің гидротехник маманы:

‒ Гидротехниктер егістік алқаптарға суды есептеп, бөліп берумен қатар, күнделікті судың деңгейін, жылдамдығын бақылап отырады. Сондай-ақ шаруа қожалықтарымен, халықпен тығыз жұмыс жасайды. Жоба бойынша бәрін қадағалайтын маман болған соң, гидротехникалық құрылымдар салатын кезде де олардың қызметі маңызды саналады. Сондықтан сушы маманның жұмысы өте қиын деуге болады. Бірақ бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін.

Қазір халықаралық жоба бойынша ауыспалы егісті толығымен қалпына келтіру мақсатында жұмыс жасаудамыз. Суару каналдары, оның бойындағы барлық гидротехникалық құрылымдарға қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы тұста гидротехниктің жауапкершілігі жоғары. Себебі көктем айларында  су жіберілгенде гидротехникалық құрылыстың дұрыс жұмыс жасауына осы маман жауапты болады. Сырттай қарағанда, қарапайым ғана канал қазудың өзі оңай жұмыс тәрізді көрінеді. Бірақ оның да едәуір машақаты бар. Айталық, ұзындығы 10-20 км каналдарды еңістік арқылы қазып шығуға тура келеді. Ертеңгі күні сол каналдан су өз жылдамдығында аға ма, ақпай ма, оның бәрі ‒ гидротехниктің жауапкершілігінде. Сол үшін сушылар үнемі егістік басында жүреді.

Бұрын сушы мамандар нивелир арқылы ғана жұмыс жасаған деп ойлаймын. Ал қазір технология күн сайын дамып келеді. Әсіресе маман GPS жүйесін жетік меңгеру керек. Сондай-ақ гидротехниктің тіл білуі өте маңызды. Себебі халықаралық жобаларда шетелдік мамандармен жұмыс жасауға тура келеді.

Нивелирмен өлшеу жұмысын жүргізу, жоба оқу, есеп беру мұның бәрі сушыға қиындық туғызбайды. Оны кез келген маман уақыт өте келе үйренеді. Меніңше, негізгі қиындық  адамдармен тіл табысу тәрізді. Анығында,  бұл талап барлық сала мамандарына қойылады. Алайда кейбір жағдайда мамандар халықпен бірге жұмыс жасай алмай жатады. Сондықтан  гидротехник жұмысты дұрыс ұйымдастырумен қатар адамдармен тіл табыса білгені дұрыс, ‒ дейді Т.Махмуд.

P.S. Қазір сушыға деген сұраныс жоғары. Судың әр тамшысын үнемдеуді үйреткен қуаңшылықта сала мамандарының қадірі күн санап арта түскендей. Расында, суды мұрап қана сақтай алатыны осыдан-ақ көрінеді емес пе?!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!