Сахнадан алыстаған белгілі айтыскер Айнұр Тұрсынбаева ақындықты да, домбыраны да тастамайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Уақыт көрсетеді” бағдарламасына сілтеме жасап.

“Мен сахнада 30 жыл жүрдім. Әлі де сахнаға шығамын. Талдықорғанға айтысқа шақырды, мен бардым. Ақындық мені тастап кетпесе, мен ақындықты тастай алмаймын. Ол о баста, туылғанда берілген қасиет. Сондықтан дастархан басында болсын, кездесулер болсын домбырамды алып “әу” деуге мен ешқашан қарсы емеспін. Ақындықты Алладан берілген нығмет деп ойлаймын. Айтыскер ақындарды Алланың нұры жауған, ерекше дарын берген адамдары деп санаймын”, – дейді айтыскер.

Сондай-ақ тұлға болып қалыптасуына да себеп болған ақындық екенін атап өтті.

“Бұл менің мақтанышым. Атымды шығарып, адам болуыма себеп болған ұлы өнер. Ұлы өнердің өкілі болғаным Алладан маған берілген ерекше сый. Сол себепті мен ақындығымды, өнерімді, домбырамды қатты құрметтеймін”, – деді Айнұр Тұрсынбаева.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!