Шахмат – ақыл-ойдың ойыны. Иә, бұл сөйлемді бәріміз айтып жүрміз. Бірақ іс жүзінде ойынның ережесін, әдіс-тәсілін, т.б. жасөспірімдерге қаншалықты үйретіп, оқытып жатырмыз? Оқушылар шахматтың қыр-сырына қанықты ма, жетістікке жетіп жүр ме? Бұл сұрақтарға жекелей де, жалпылама да жауап беруге болады. Соңғы жылдары Сыр елінің топырағы шахматтан әлемдік, халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген жеткіншектерді тудырды. Міне, мұның өзі Қызылордадағы шахмат спортының даму динамикасына дәлел бола алады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейім­деу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының же­ңім­паздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қол­дау көрсету қажет» деген еді. Әрине, ба­лаларды дұрыс жолға бейімдеу – кез келген ұстаздың міндеті, арманы. Ал, оларға қол­дау көрсетуді мемлекет те өз міндетіне алып отыр.

Жалпы, бүгінгі күні қаламызда шахмат үй­ре­тетін орталықтар, жеке мектептерде үйір­мелер баршылық. Бұл өзара бәсеке­лес­тікті тудырып, ойнаушылар санының ар­туына, шахматтың дамуына әкеледі.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан хал­­қына арнаған Жолдауында: «Біз Қазақ­станның барлық азаматтарының отан­шыл­дық сезімі мен өз еліне деген сүйіс­пен­шілігін дамытуға тиіспіз және оны қалыптастыру – басты міндетіміздің бірі» деген еді. Иә, кез келген спорттық ойын оқушылардың па­триоттық сезімін арттырады, оларға ерік-жігер сыйлайды.

Жеңістің бір ғана баспалдақтан тұрмай­тынын шәкірттер жақсы біледі. Өткен жылғы пандемиялық жағдайда біз оқушылардың жеке жұмыс жүргізуіне жол аштық. Шах­матты онлайн ойнауға баулыдық. Бүгінде әртүрлі әдістемелік кітаптар мен журналдар арқылы шәкірттерге шахматтың алғашқы әліппесінен бастап шарықтау шегіне дейін үйретуге тырысып келеміз. Осылайша, оқу­шылар шахмат ойнап шыңдалып жүр.

Қасымхан МҮСІРЕПХАНОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!