Нұрлыбек АСАНБАЕВ, Студенттер сарайының директоры:

Бүгінде Студенттер сарайы облыстық маңызы бар үлкен мәдени орталықтың біріне айналды. Ғимаратта түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылумен қатар республикаға танымал өнер адамдарының кештері де өтеді. Тіпті мұнда Елбасы Н.Назарбаевтың өзі екі рет ат басын бұрған. Жалпы Студенттер сарайы іс-шара өткізуден бөлек, аймақ жастарын үлкен сахнаға тәрбиелейтін қадірлі орын. Сахна төрінен елімізге белгілі әншілер мен өнер қайраткерлері түлеп ұшты. Бүгінде аймағымыздың мәдени ошағына айналған орталыққа осы сахнада өнер көрсетіп, «Қорқыт» құрамасы командасымен танылған Нұрлыбек Асанбаев жетекшілік етеді. Осы орайда орталық директорымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Нұрлыбек, қызметке келгеніңізге бір жылға жуықтапты. Айтыңызшы, орталықтың бүгінгі жай-күйі қалай?

 – Қорқыт ата атындағы университеттің Студенттер сарайының іргетасы 1971 жылы қаланған. Алғашында Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың акт залы есебінде пайдаланылып, кейін сахналық қондырғылар орнатылды. Ал 2001-2002 жылдары ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде заман талабына сай жабдықталған мәдени орталықта 460 көрерменді қамтуға мүмкіндік бар. Қазірде орталықта 100 адамға есептелген фойе залы мен әуен студиясы бар. Бүгінде заманауи үлгіде жабдықталған нысанда он шақты қызметкер жұмыс істейді. Осындай тарихы тереңнен бастау алған орталықта қызмет атқару үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бүгінде орталық карантин талаптарын сақтай отырып, аптасына екі-үш рет ауқымды іс-шараның өтуіне атсалысуда. Жаңа қызметке тағайындалған соң, орталыққа қажетті құрал-жабдық тізімін жасақтап, ректор Бейбіткүл Кәрімоваға ұсыныс айтқанбыз. Ректор бұл ұсынысты қабылдап, қажетті қаражатты бөліп, соңғы үлгідегі цифрлы музыкалық аппаратура алынып, сахна жарықтандырылды. Сонымен қатар көрерменнің сахнадағы көріністі LED экранмен тамашалауына болады. Дөңгелек үстел өткізуге қажетті интерактивті тақта да жаңадан алынды. Бұл құрал-жабдықтардың барлығы облыстық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізеді.

– Орталықтың техникалық базасы жаңартылғаны құптарлық дүние. Бұл студент жастарға қандай мүмкіндік сыйлайды?

– Жаңа аппараттардың көмегімен студенттер жаңа қырынан танылады деп ойлаймыз. Себебі, қазір халық арасында жанды дауыста ән тыңдау сұранысқа ие. Жаңа музыкалық аппаратымыз осы талап үдесінен шыға алады. Байқағаныңыздай, Студенттер сарайында жастарға барлық жағдай жасалған. Мәселен, жыл сайын жалауын көтеретін «Студенттік көктем» фестивалі, «КТК» ойындары тұрақты түрде өткізіледі. Сондай-ақ аталмыш мәдени ошақта студенттердің шеберлігін шыңдау және театр өнеріне баулу мақсатында 2010 жылдың 10 сәуірінде Қызылорда облыстық әкімдігі, облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығы, «Игілік» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен үш жақты келісім аясында «Жауқазын» студенттер театры құрылды. Сонымен бірге университеттің профессор-оқытушыларынан құралған «Коркыт.кz» вокалды аспаптар ансамблі жұмыс істейді. Ансамбль репертуарында Қазақстан композиторларының «Ана туралы баллада», «Елім менің», «Шофер әні» сияқты шығармалар бар. Өздеріңіз білесіздер, бұрыннан бері Студенттер сарайы жанынан арнайы музыкалық студия жұмыс істейді. Студияда университет студенттерінің жаңа әндері, орталықта өтетін іс-шараларға қажетті әндер жазылады. Әсіресе бұл мүмкіндікті Дәстүрлі өнер институтының студенттері тиімді пайдаланады. Бұл студияға Айбек Үсайын жетекшілік етеді.  Алдағы уақытта Студенттер сарайы жанынан фото-видео студия ашу жоспарда бар. Онда студенттік өмірді насихаттайтын қызықты қысқа метражды сериал және университетіміздің оң имиджін қалыптастыру мақсатында жарнамалық роликтер түсіру ойда бар.

– Орталықтағы кітапхана қызметіне тоқталсаңыз…

– Ғимараттың бірінші қабатында кітапхана және университет тарихынан сыр шертетін музей орналасқан. Қазіргі таңда кітапхана күрделі жөндеуден өтуде. Жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Кітапхана жыл сайын жаңа әдебиеттермен толығуда. Сондай-ақ жөңдеу жұмысы аяқталған соң, кітапханада коворкинг орталығы ашылады деп отырмыз.

– Көрермен көңілінен шыққан “Студенттер театры” қойылымдарын байқамай жүрміз. Әлде тарап кетті ме?

– Рас, көрермен ықыласына бөленген жастар театрының орны біз үшін ерекше. Театр Р.Мұқанованың «Қыз жылаған», К.Рахмановтың «Келін», «Ол жалғыз – біз екеуміз» пьесаларымен көпшілікке танылды. Жастардың актерлік шеберлігін шыңдауда театр жетекшісі Садуақас Әдеповтың еңбегі ерен. Елде жарияланған төтенше жағдайға және топ мүшелерінің оқуды аяқтауына байланысты театр жұмысы тоқтады. Алдағы оқу жылында кастинг өткізіп, қайта құруға, қайта жандандыруға күш саламыз. Сондай-ақ биылғы басты жаңалық – Студенттер сарайы жанынан вокалды аспаптық ансамбль  құрылды. Оған  кастинг өтті. Дәстүрлі институтта оқитын студенттер ғана емес, сонымен қатар шығармашылыққа жаны жақын өзге мамандықта білім алушы студенттер де қатысты. Қазір ансамбль құрамы концерт беруге  дайындық үстінде.

– “Қорқыт” КВН командасының мүшелерінің бәрін отандық телеарнадан көріп жүрміз…

– Рас, топ құрамындағы Құттыбай Сағындықов жетінші арнамен бірге әртүрлі жобаға түсуде. Асылхан Дүкенбаев та телевезиялық жобалар арқылы елге танылуда. Қазір сериал түсіру жоспарлануда. Қорқыт ата университетінің түлектерінен құралған “Қорқыт жастары” КВН командасы да біршама жетістікке жетті. Мәселен, республикалық КТА жоғарғы лигасында өнер көрсетуде. Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы сайыста 1-8 және 1-4 ойындарында сәтті өнер көрсетіп, жартылай финалға жолдама алған жайы бар. Енді ақтық сында жеңіске жетеді деген сенімдеміз. Бұдан бөлек, Қорқыт ата университетінің түлектерінен құралған жас командамыз бар. Жайдарман Life лигасында өнер көрсетіп, республикалық бірінші лигаға жолдама алды. Қазір университет атынан осы екі команда жақсы көрініп жүр.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!