Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болып, халықтың еркіндікпен еңсесін тіктеуде елеулі еңбек етіп, бақыт босағасынан аттауы үшін білек сыбана іске кіріскен Темірбек Жүргеновтің есімі иісі қазаққа етене таныс. Ел ертеңі үшін тайсалмастан табан тіреп тартысқа түсіп, мәдениет пен әдебиет, білім сынды сан саланың дамуына сүбелі үлес қосты. Балақтан тартып, тісін батырып түртпектегеннің найзасына түйрелмей, ұлты үшін ұлы мұратынан бас тартпаған қайраткердің қайсарлығы қалың қазақты сүйсінткені рас. Талай соқпақтан сүрінбеген, қиындықтан еңсесі езілмеген ердің елге еткен еңбегін жіпке тізіп жіктесек те таусылмас. Өйткені әрбірі халықтың санасында сайрап, жадында жатталып-ақ қалған. Иә, қазақтың маңдайына біткен Алаш ардақтысының есімі ешқашан ұмытылмайды.
Биыл Темірбек Қараұлының туғанына 125 жыл. Осы орайда Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Жыр арқауы – Жүргенов» атты республикалық жыр мүшәйрасы өтті. Жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен ақындар қатысып, жалынды өлеңдерін тарту етті. Мүшәйраға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, қайраткердің қазақ даласына сіңірген өлшеусіз еңбегін баяндады.
Мүшәйраға қатысушы талапкерлерді бағалаған қазылар алқасының құрамында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, ақын, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, «Қызылорда» Қоғамдық телерадио компаниясының құрылтайшысы Шакизада Әбдікәрімов, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсат, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жүлдегері, Қалқаман Сарин және ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы болды.
Айбынды азаматтың бүтін болмысын сөзбен байыпты безбендеп, ұлы мұратын ұйқасына, халқы үшін шырылдаған жүрегіндегі жанашырлық сезімін шумағына сыйдырған ақындардың өлеңі қуатты болды. Темірбек туралы толғаған ақындар Алаш арманын да айтып, сенім семсерін сермеп, ақиқат алдаспанын жарқылдатты. Мүшәйраға жиналған көпшілік шырайлы сөзге сүйсініп, қолпаштап отырды. Осылайша нәтиже бойынша бас жүлдені қызылордалық ақын Мөлдір Айтбай, жүлделі І орынды Ғалымхан Марлен (Орал), ІІ орынды Динара Төлеутай (Абай облысы), ІІІ орынды Түменбай Ақжол, Айдар Сайлауов (Қызылорда), Тілеухан Дәурен (Ақтөбе) жеңіп алса, Т.Жүргенов атындағы арнайы жүлде Әлібек Азаматқа (Түркістан) бұйырды. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы атынан Ахмет Байтұрсынұлының медалі Нұржан Байтусовқа (Абай облысы) табысталса, бас жүлде иегері Мөлдір Айтбайға ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы С.Раев алтын жалатылған домбыраны тарту етті.


Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!