Тілші болу үшін тек қана диплом жеткіліксіз. Теориялық білімнен тыс, практикалық тұрғыда төселу қажет. Менің журналистикаға деген махаббатымның ашылуы мектепте оқып жүрген сәтімнен бастау алды. Содан бастап қоғамдық істерге жақын, өзге пәндерге қарағанда әдебиетке құмар болдым. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, ҰБТ тапсыратын тұста ойланбастан шығармашылық емтихан тапсырдым, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Журналистика және репортер ісі» мамандығына тапсыруға бел будым. Ең алғашында отбасым қарсы болды.

 Қоғамдағы БАҚ өкілдеріне деген кері таптаурын көзқарас көп қой. Сол себепті анам мұғалімдікті таңдағанымды қалады. Бірақ бала кезгі арманымнан бас тартпадым. Қалай да болсын «келешекте белгілі журналист боламын» деген арманыма балта шапқым келмеді. Анам да уақыт өте рұқсатын берді. Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде оқимын. Аягөз Әбдіразақова, Асыл Оразова сынды өз ісінің мамандарының тағылымын алып, журналистиканың ішінде телерадио саласына ден қойып, машықтанып жатырмын.

Абыройы асқақ, елге белгілі тұлғаны кумир етіп, еліктейтін кезеңнен қайсысымыз да өтеміз. Менің бала күнгі кумирім – Ләйла Сұлтанқызы еді. Сол кездері «Әйел бақыты» тележобасы арқылы қоғамда белең алған әйелдер қауымының түйткілді мәселелерін зерттеп, нәзікжандылардың бойындағы комплекстен арылуына себепкер болды. Сонысымен ол журналистің эталоны, ақпарат саласының үздігі көрінді. Қазір де бұл ойымнан айнымадым. Бұрынғыдай «Әйел бақытын» жүргізбегенмен, әйелдер құқығын қорғаудан тайынған емес. Тұрмыстағы әйелдерге бос уақытында немен айналысуға болатынын үйретіп, жаңа бастамалардың негізін қалап жүр. Мен де сол кісі секілді имиджімді қалыптастырып, медиамагнат атанғым келеді. Уақыт өте келе көңілім Дина Төлепбергенге де ауды. Оның тек жүргізушілік қабілеті ғана емес, продюсерлік, яғни ұйымдастырушылық қабілеті керемет. Режиссураны игергені көрініп тұр. Ол қалай тақырып арқылы қоғамда резонанс тудырып, кликбейт жасау керегін жақсы біледі. Өзі жүргізген «Астарлы ақиқат» бағдарламасы «КТК» арнасының рейтингін біраз көтерді.

Журналистиканы жақсы көруімнің себебі ұшан теңіз. Сала маған ойымда жүрген дүниені айтуға, жазуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шығармашылық қабілетімнің шыңдалуына, сөздік қорымның молаюына септігін тигізді. Ең бастысы, сан саланы жетік меңгеріп, қандай адаммен болсын сөз жарастыруыма, коммуникациялық тұрғыда ілгерілеуіме ықпал етеді. Бұйырса, дипломымды алып, телевизиядан ойып тұрып орын алсам деймін. Телевизиядан бөлек, газет-журналдарға да мақала беріп, веб-журналистиканың да дамуына үлес қосу жоспарымда бар.

Фариза ТӨРЕХАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!