«Заманның қожасы да, тұтқасы да – жастар» дейді Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев. Ел болашағын бүгінгі буынның мақсат-мүддесіне, іс-әрекетіне қарап болжауға болар. Осы орайда қызылордалықтардың арасында үздіксіз ізденіс үстінде жүретін жастардың шоғыры қалыптасқан деп айта аламыз. Осы аптада олардың барлығы

«Сыр үміті» жастар қауымдастығының жылдық қорытынды кешінде, «Jastar Baly – 2021» шарасында бас қосты.

Арнайы кеште дәстүрлі «Ай үздігі» номинациясынан бөлек, «Жыл үздігі» иегерлері анықталды. Сонымен қатар алыс сапарға шықса, жанын шүберекке түйіп, баласының тілеуін тілейтін ақ жүректі ата-аналар қауымына да арнайы мерекелік құттықтау әзірленді. Әр белсендінің қабілетіне сай жеке-жеке номинация беріліп, келген қонақтар ризашылығы мен ақ батасын жаудыра түсті.

Әсем ән әуелеген кеш ұлттық аспаптағы күй тартыс, жайдарманшылардың шуақты бағдарламасымен жалғасын тапты. Зілсіз әзіл көрерменге риясыз күлкі сыйлады. Шарада барлық сала бойынша үздіктер анықталды. Соның ішінде «Үздік серіктес – 2021» номинациясына Талғат Меңдібайұлының «Кітап құрттары» жобасы лайық деп танылса, Сағатбек Қуанышбайұлы төрағалық ететін «Жылы жүрек» бірлестігі де осы қатардан табылды. Жастар арасында ерекше бағытқа бет бұрған, «Inno Fest» инновациялық идеялар фестивалінің ІІ орын иегеріРаушанбек Бейбарыс – Ғылыми ізденіс» номинациясы бойынша жыл үздігі. Ал «Шебер жас» номинациясы бойынша жыл үздігі аталымын эковолонтер, өнертапқыш София Темірболат еншіледі.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген жастардың бойында бәсекеге қабілеттілік, заманауи әдіспен жаңа дүниелерге ұмтылу бар. Әрқайсысының қоғамда болып жатқан жағдайға өзіндік көзқарасы қалыптасқан. Сондықтан жастарды қолдау «Жастар жылымен» ғана аяқталып қалмай, жыл сайын үзілмей жалғасып келе жатқанына қуаныштымын. Дәл бүгінгідей шарада өз саласының үздіктерін көріп, одан әрі шабыттана түстік. Аға буынның бізге, біздің бір-бірімізге сенім артып, қолдай білуіміз шынымен маңызды. Мұндағы мақсат тек үздік болу емес, қоғам үшін пайдалы дүние жасау, білімді, зияткер ұрпақ екенімізді дәлелдеу» – деді ол.

Айта кету керек, Сыр өңірінде жас кәсіпкер, меценат, облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиевтың бастамасымен «Сыр үміті» жастар қауымдастығы өткен  жылдың қаңтар айында құрылып, жұмысын белсенді түрде бастап кетті. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – аймақтағы мемлекеттік жастар саясатының табысты жүзеге асуына үлес қосу, білім мен ғылымға құштар, шығармашыл, ерікті және белсенді жастарды қолдау. Мағжан Абзалұлының айтуынша, қауымдастық жыл басынан бері аймақ жастарының сұранысына сай түрлі форматта 50 шара ұйымдастырған. Оған 3000-ға жуық жас қатысты. «Арман ағашы», «Жігер», «Syr umiti Smart», «Білім quest», «Green orda», «Q vine», «Сүйікті қалам Қызылорда!» секілді жобалар табысты жүзеге асып келеді. Жастардың интеллектуалды білімін арттыруда қауымдастық ауқымды жұмыс атқарылуда. «Кітап құрттарымен» бірлесе «КиноТайм», «Кино Эстафета», «Идея күні», «Q vine фест», «Білім квест»,«Сыр үміті смарт» шаралары мен сайыстары ұйымдастырылды. Мұнымен қоса Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қызылорда қаласында 200-ге жуық және Түркістан, Жамбыл облысы жастарының қатысуымен «Aqyl Battle» республикалық интеллектуалды сайысы өткізілген.

Аталған қауымдастықтың жылдық жоспары бойынша ұлт руханияты да назардан тыс қалған емес. Мағжан Абзалұлының демеушілігімен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында «Алтын домбыра» айтыс орталығының ашылуы ерекше жаңалық десек жарасады. Биыл тұңғыш рет жас журналистерді қолдау мақсатында «Сырлы қалам» арнайы сыйлығы жарияланып, қаламы қарымды, қоғамдағы мәселелердің түйінін тап басатын журналистер арасынан үздіктердің алғашқы легі анықталды. Мұндай жобалар әрі қарай да жалғасын тауып, жыл сайын жаңа толқынды тануға, елге таныстырып, еңбегін қолдауға бағытталған идеялар көші алға жылжымақ.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!