Жаңа жыл – шаттыққа толы мейрам. Бұл күн ғажайыпқа, бақытқа толы. Сыйлықтар, жылы лебіз, мерекелік дастархан мерекенің шырайын келтіреді. Жыл қорытындысын жасап, өткенге  көз жүгіртіп, келер жылға жаңа мақсат қоятын сәт туады. Тағы да айта кететін ерекше жайт, ол –  жаңа жылмен тұспа-тұс келетін туған күн. Бұл күн екі есе қуанышқа толы ма? Әлде жаңа жылдық қарбаластың ығында байқалмай өтіп кете ме? 31 желтоқсан күні дүние есігін ашқан жандар не дейді?

Сыйлық жауатын күн

Нұрислам Ысқақұлы, 7 жас:

31 желтоқсанда туғаныма қатты қуанамын, себебі бұл күн шат-шадыманға толы. Бұл күн туған күніммен шектелмейді, әжемнің де дүние есігін ашқан күні. Сонымен қатар ескі жылды шығарып салып, жаңа жылға қадам басамыз. Бұл мейрам балаларға ерекше жылулық сыйлайды, өйткені мен таңғажайыпқа сенемін. Жанұямда өнерге жақын жан көп, олар жыл сайын біз үшін кішігірім концерт ұйымдастырады. Әпкем ән шырқайды, ағаларым мультфильм кейіпкерлерінің киімін киіп, концерттік нөмірлермен көңілімізді көтереді. Сондай-ақ көп сыйлық аламын. Отбасым мейрамды да, туған күнді де бейжай қалдырмай, әрқашан бақытқа кенелтеді.

Пианино қуаныш сыйлады

Ақбота Жүрсінбекқызы, 18 жас:

– Кішкентай кезімнен туған күнімді асыға күтетінмін. «Қонақ келсе – құт» демекші, үйге келген әрбір қонақ жаңа жылға және маған арнаған сый­лығын әке­луші еді. Үйде дас­тархан жайып, ша­ңы­рақ шу­аққа ке­не­летін. Сыйлыққа кенде болмадым десем артық айтпаймын. Балалық шағымның ең есте қаларлық сыйлығы –  пианино. Ал бойжете келе бағалы сыйлық алып, қалағаныма ие бола бастадым. Жаңа жылда торт үрлеп, көп құттықтау естимін. Есейе келе туған күнді ата-анамнан бөлек, дос-жарандарыммен қарсы ала бастадым. Кейде өзімді қуанту үшін шоппинг жасап, құрбыларыммен кино тамашалауға барамыз. Бір ерекшелігі, қай жерде немесе қандай ортада болсам да, ешқашан туған күнім құттықтаусыз қалған емес. Алайда тек жанұям мен достарымның, жақын жандардың арасында ғана тойлаған ұнайды. Сағат тілі 12-ден асқан соң мені көп адам әлеуметтік желі арқылы құттықтайды. 31 желтоқсанда төрткіл дүние мерекелік көңіл күйде, жүзі қуанышқа бөленіп жүреді. Бұл шаттыққа бөлейді.

27 жылда екі рет қана тойлаған

Абай Нұр­лан­ұлы, 27 жас:

– Бала кезімде жаңа жылда туған керемет деп ойладым. Себебі жаңа жылды той­лауға келген қонақтарды мені құттықтауға келді деп ойлай­тынмын. Туған күніңді атап өтейін десең, барлығы отбасымен жаңа жылды қарсы алғысы келеді. 27 жылда екі рет қана туған күнімді атап өтіппін. Бір жылдың жүгін арқалап жүресің. Алайда қуантатыны, туған күніме алатын сыйлықтар жылда бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Жаңа жыл мен туған күн қатар келгеніне қуанып кетесің. Себебі шынайы тілектер естисің. Келер жылға арман-мақсат құрып, жаңа леппен қадам басасың.

P.S Сөзімізге тұздық ретінде айта кетсек, 2023 жылдың жаңа жыл қарсаңында Қазақстанда 240 бала дүние келген екен. Ал өңірде 16 сәби туған. Олардың 10-ы ұл, 6-ауы қыз.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!