Ербол БЕКІШ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Практикалық ағылшын тілі» кафедрасының меңгерушісі:

‒ Ербол Тнейбекұлы, әңгімемізді университет­тегі студенттердің тіл үйрену бағытынан бас­тасақ. Қазіргі жағдай білім саласын онлайн жүйеге бейімдеді. Осы орайда қандай өзгерістер болды,  нәтиже қандай? Студенттердің тіл үйре­ну деңгейін қалай бағалар едіңіз?

‒ Қашықтан оқыту  білім алуға ниетті мамандар­дың негізгі қызметін атқара жүріп, білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі қиын сәтте сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді шешуде оқы­тушы­ның атқаратын рөлі маңызды. Оған әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүктеледі: ол қысқа мер­зімді оқу жоспарын дайындап, оны қашықтан білім беру жүйесі бейімдейді, оқу үрді­сінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орын­дау барысында, өз бетімен бақылау-пысықтау жұ­мыс­тарын ұсыныстар береді. Бүкіл әлемде болған пандемия салдарынан оқу орындарында заманауи технологияларды игеруге қиындық туындады. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басшылығы тарапынан орасан жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, онлайн сабақ жүр­гізуде интерактивті технологияларды қолдана отырып, білім алушыларға заман ағымына сай әдістерді айқындап, біршама семинар, вебинар, дөңгелек үстел, конференциялар ұйымдастырылды.

Қашықтан оқыту кезінде білім алушылармен байланысу маңызды. Тапсырманың анық-қанығын, оқу материалдарының қолжетімді болуын үнемі бақылау қажет болды. Осы мақсатта білім алушы­лар Zoom, Google classroom, Platonus платфор­ма­ларын пайдаланды. Соның нәтижесінде студент­тер әлемдік ақпараттар алуға, ғылыми және шы­ғармашылық жұмыстарын жетілдіруге, жаһандық ақпарат кеңістігінде өздерінің білімін шыңдауға мүм­кіндік алды.

‒ Әдетте адамдар белгілі бір мақсатпен  тіл үйренгісі келеді. Ал сіз бұл салаға қалай кел­діңіз? Шет  тілді үйрену бастапқыда сізге де оңай соқпаған болар…

‒ Мектеп қабырғасында шет тілін меңгеруге ерекше қызықтым. Қазақ әдебиетімен қатар шетел жазушыларының шығармашылығымен таныстым.  Ағылшын тілін жетілдіруге, мамандық таңдауға ұстаздарым, ата-анам бағыт берді. Алдымен М.Мә­ме­това атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінде, кейін «Болашақ» университетінде «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығын тәмамдадым. Осыдан соң Ресей федерациясының Қазан феде­ралды университетінде магистр дәрежесін алдым. Ал 2016 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқытушылық қызметке келдім. Был­тырғы оқу жылынан бастап Практикалық ағыл­шын тілі кафедрасының меңгерушісі қыз­метін атқарамын. Ғылыми жолымды жалғастыру мақсатында, Ресей федерациясының Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінің аспирантурасында оқып жатырмын.

‒ Тіл үйрету барысында аудиторияны бас­қару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сабақ барысында мәселе туындамас үшін педагог нені білу керек?

‒ Қазіргі уақытта қашықтан оқытуды күрделі про­цесс деп санамауымыз қажет. Білім беру ресурс­та­рының мол болуы материалды зерттеуде, ұйым­дастыруда және оның дамуын бақылауда оқы­ту­шының міндеттерін жеңілдетеді. Тек дұрыс мате­риалды таңдап, білім алушымен байланысты жоғалтпау өте маңызды. Топта пікірталас ұйымдас­тырып, материалды оқып білу, жалпы жоба, рөлдерді бөлу тапсырмалардың көмегімен оқу процессін үз­діксіз ұйымдастыру мұғалімнің назарында болу ке­рек деп ойлаймын.

‒ Шет тілін жетік білесіз. Бірақ сол мүмкіндікті толық пайдалана алмай жүрмін деп есептемейсіз бе? Мәселен, шетелге саяхаттау тұрғысынан…

‒ Қазіргі таңда ағылшын тілін білу ‒ заман талабы. Министрліктің және университетіміздің жастарды қолдау саясатында тағылымдама туралы ережелері бар. Әлемде болып жатқан жағдайға байланысты шетелдерге іс-сапарлар мен тағылымдамалар бір­ша­ма тежелгені рас. Бірақ қазір сол жұмыстар екінші қарқын алып, жұмыс жандануда. Болашақта шет елдерге тағылымдамамен бару жоспарымда бар.

‒  Қай сала болсын уақыттың маңызды екені белгілі, ал сіз үшін 24 сағаттың қайсысы тиімді?

‒ Кейінгі он жылдықта «тайм мененджмент» де­ген ұғым санамызға еніп келеді. Бұрын тек бизнес саласында ғана қолданатын ұғым болса, қазір қара­пайым өмірде де өз тиімділігін тәжірибе арқылы дәлелдеуде. Тайм-менеджменттің бірнеше әдісі бар. Мысалы, «Альп», «Парето принципі», «АBC ана­лизі». Осы әдістерді қолдана отырып, алдағы кү­нім­ді жоспарлауға тырысамын.

‒ Ағылшын тілін үйренген сәтте кино көру­ге, әуен тыңдауға жиі кеңес беріледі. Бұл қанша­лық­ты пайдалы?

‒ Шет тілін үйренемін деген адамға мүмкіндік көп. Міндетті түрде курсқа барып, уақыт пен ақшаға шығын шығармай-ақ, шын талпынсақ өздігінен үйренуге болады. Бұл ‒ пайдалы және кеңінен қол­данатын әдістің бірі. Фильмдерді ағылшын тілін­де көру, сөйлеу, тыңдалым, оқу дағдыларын арт­ты­рады. Ғаламторда ондай фильм көп. Тыңдау қабі­летін үнтаспа көмегімен дамыту үшін арнайы бей­нежаттығулар мен аудиомəтіндер қажет. Осы орайда мəтінді тыңдау, оқып отырудың мəні зор.

‒ Қазіргі уақытта ғаламтор арқылы тіл үйре­тетін онлайн-курстар жеткілікті. Оларға сенім артып, нәтиже күтуге бола ма?

‒ Жоғарыда айтқанымдай, ғаламторда ағылшын тілін үйренуге арналған пайдасы мол бейнеблог пен мен онлайн курс өте көп. Бірақ оларды іздеген адам бірден тауып алып, оқи бермейді деп ойлаймын. Жалпы шет тілін өз бетінше үйрену (self study) оңай жұмыс емес. Ол көп уақыт, күш пен ынта-жігерді қажет етеді. Шет тілін үйренудің тиімді әдісі тек кітап, аудио, бейнематериалдарды қолданып ғана қоймай, тұрақты түрде оқытушылармен сұрақ-жауап алмасып, сол тілді ана тілі ретінде сөйлейтін адаммен (native speaker) сөйлесіп, яғни үздіксіз жаттығып меңгеруге болады. Онлайн курстарды бастамас бұрын өзімізге сұрақ қойғанымыз жөн. Ең бірінші, үйренуші ағылшын тілінің өзіне қажеттілігін түсіну керек. Ол үшін «ағылшын тілі бізге неге ке­рек? Үйренсем қандай пайдасы болады?» деген сұрақтарға  жауап берсек, ағылшын тілін әлдеқайда оңай үйренген болар едік.

Екінші, бізде тілге деген  қызығушылық болу қа­жет. Мысалы, “егер ағылшын тілін жақсы үйреніп алсам, ағылшын тілді адамдармен еркін сөйлесе аламын, халықаралық компанияларда жұмыс істей аламын, шет елдерге саяхат жасағанда тіл жағынан қиындық болмайды, Голливудтың (Hollywood) кино­ларын өз тілінде көріп, батыс Европа, Америка сияқ­ты елдердің жазушыларының кітаптарын өз тілінде оқи аламын” деген сияқты құштарлық болуы қажет.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ