Фото: Depositphotos

«Аққан жұлдызды көргенде, тілек тіле. Тілегің орындалады» дейді, Сонда «аққан жұлдыз» деген не?

Әуелі аспан әлеміне тоқталсақ, күн ұясына батып, айналаны қараңғылық басқанда – түнгі аспанның көркі айқындала түседі. Жымыңдаған сансыз жұлдыз көк жүзін безендіріп, жер бетіне күміс сәулесін төгеді. Әсіресе бұлтсыз түнде аспанға көз салсаң, жарқыраған із қалдырып, бір шоқ жарық сәуленің зулап өткенін көресің. Міне, халық арасында мұны «аққан жұлдыз» деп атайды.

Ал ғылымға сүйенсек, аспандағы жұлдыздар – Күн секілді өзінен жарық пен жылу шашатын алып газ шары. Темірқазық, Сүмбіле, Үркер, Жетіқарақшы – бәрі бізден триллиондаған километр қашықтықта тұр. Егер сондай бір жұлдыз орнынан қозғалып, Жерге қарай құласа, адамзат қана емес, бүкіл Күн жүйесі жойылып кетер еді. Демек жұлдыздар ешқашан «ақпайды».

қашан «ақпайды». Біз «аққан жұлдыз» деп жүргеніміз – метеор. Күн жүйесінде үлкен планеталардан бөлек, оның айналасында ерсілі-қарсылы ұшып жүретін сансыз ұсақ тас пен ғарыш шаңы бар. Оларды «метеороидтар» дейді. Көлемі көбіне құм түйіріндей ғана болса да, Жердің тартылыс күшіне ілініп, атмосфераға секундына 11-72 километрге дейінгі жылдамдықпен кіріп, ауамен үйкеліседі. Мұндайда лезде қызып, лапылдап жанып кетеді. Сол бірнеше секундтық жану процесі аспанда жіңішке жарық сызық қалдырады. Міне, біз айтып жүрген «аққан жұлдыз» – осы.

Ғылымда бұл құбылыстың екі атауы бар: аспанда жанып, із қалдырып өте шығып, жерге жетпей кететінін – метеор, ал жанып үлгермей жер бетіне тас немесе темір күйінде түскенін – метеорит дейді. Жыл сайын Жерге 15 мың тоннаға жуық метеорит түседі. Бірақ көбі тозаңдай ғана болғандықтан, біз оны байқамаймыз. Ал көлемі үлкендері сирек құлағанымен, жер бетінде үлкен өзгеріс қалдырады. 2013 жылы Челябинск қаласының үстінде жарылған метеорит соның айқын дәлелі.

Аспанда қанша жұлдыз бар?

Бұл сұраққа адамзат ежелден бері жауап іздеген. Қазіргі заманауи телескоптар мен есептеулердің нәтижесінде біздің Құс жолы галактикамыздың өзінде 100 миллиардтан астам жұлдыз бар екені анықталған. Ал ашық түнде, қала шамынан аулақ, ауасы таза жерде қарапайым көзбен 2 мыңнан 5 мыңға дейін жұлдызды ғана көре аламыз. Қалғанын Хаббл секілді алып телескоптар ғана көрсетеді.

Ғалымдардың кейінгі есептеуіне сүйенсек, біз бақылай алатын әлемде шамамен 2 триллион галактика бар. Әрқайсысында орта есеппен 100 миллиард жұлдыздан болса, онда әлемдегі жұлдыздардың саны адам миы қабылдай алмайтын цифрға жетеді. Жер шарындағы барлық құм түйірінен әлемдегі жұлдыздардың әлдеқайда көп екенін ескеріп, салыстыруға болады.

Жұлдыздар не үшін керек?

Ежелден адам баласы жұлдызға қарап жол тапқан. Теңізшілер Темірқазыққа қарап солтүстікті анықтаса, көшпенділер Үркердің тууына қарап жыл мезгілін болжаған. Жетіқарақшы шөміші түннің қай уағы екенін көрсеткен. Демек жұлдыздар – табиғаттың адамға берген табиғи компасы мен күнтізбесі.

Сонымен, «аққан жұлдыз» – жұлдыз емес. Ол – ғарыштың тозаңы, Жердің атмосферасында жанып үлгерген кішкентай саяхатшы. Ғылым үшін бұл – физика заңдарына бағынатын табиғи құбылыс. Ал адам үшін – тоқтап, аспанға бір қарап, өзінің әлемдегі орнын түйсінуге берілген сиқырлы сәт.

Келесі жолы түнгі аспанға қараңыз. Метеор зулап өтсе, тілек тілеңіз. Өйткені армандау – адамға тән қасиет. Ал жұлдыздар…

Жұлдыздар – түннің сәні, ойдың қанаты, қиялдың көлігі. Олар бізге «Ғалам − шексіз, ал танымның шегі жоқ» деп сыбырлайтындай.

Мерейім ӘЛІБАТЫР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!