Жақында отандық кинокартиналар қатары ерекше фильммен толықты. Сәуір айында режиссер Алдияр Байракимовтың «Паралимпиадашы» фильмі жарыққа шыққан еді. Фильм жол апаты себебінен аяғынан айырылған шаңғышы, Оңтүстік Кореяда өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Мақсат Қуанышбаевтың өмір жолы мен спорттағы тарихи еңбегі, ізденісі туралы сыр шертеді.

«Параспортшылар туралы фильм түсіру идеясы 2018 жылы Кореяда өткен паралимпиада ойындарынан кейін келді. Біздің қоғамда паралимпиадашыларға аса мән берілмейтіні байқалды. Спортшылардың тағдыры мен спорттағы еңбектерінен көпшілік хабарсыз. Бұл мәселе мені бей-жай қалдырмады. Фильм сюжеті шынайы өмірден алынған. Алдымен паралимпиадашылармен кеңесе отырып, ақпарат жинадық. Мотивациялық фильм. Қазіргі отандық фильмдердің дені комедия жанрында. Осы тұрғыда біз өмірлік мәні бар, адамдарға ерік-жігер беретін, рухын жанитын тың туынды жасағымыз келді», – деді фильм режиссері Алдияр Байракимов.

Параспортшылар – өте жігерлі адамдар. Әрбірінің бұл салада өзіндік тарихы бар. Фильмді түсіру барысында режиссер тікелей кәсіби паралимпиадашылармен жұмыс істеген. Сонымен бірге «Паралимпиадашы» Қазақстанда параспортшылар туралы түсірілген ең алғашқы фильм екенін ескеру керек. Тағы бір ерекшелігі, нақты жайттар мен өмірде болған спортшылардың оқиғасына сүйенсе де, туынды деректі фильм емес, көркем фильм ретінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде. Сондықтан аталған кинотуындыда бірнеше кино жанры, оның ішінде драма, экшн, комедия және тағы басқалары қамтылған.

Фильмдегі басты рөлді жас актер Асқар Ілиясов сомдайды. Атлет-паралимпиадашы Мақсат Қуанышбаевты сомдаған ол бұл рөлдің өз тәжірибесінде қиын рөлдің бірі екенін мойындайды. Тіпті, жаңа туындының басты рөлін ойнағанға дейін шаңғыға мініп те көрмеген екен. Түсірілімге дейін бір ай бойы аптасына алты күнді шаңғыға арнап, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталевамен дайындықта болыпты. «Бұл мен үшін тәжірибемдегі ең қиын роль боп қалмақ. Белгілі себептерге байланысты аяқсыз қалған адамның олимпиада ойындарына қатысып, қандай да бір қиындықтарға берілмеуін, басты кейіпкердің ішкі жай-күйін сыртқа сезіндіру үшін оның жанын түсіну керек. Ішкі қайғысы мен мұқалмас жігерін қатар сезіне білу маңызды. Басты кейіпкер мен үшін міндетті рөл ғана емес, күш берген, жігер берген азамат ретінде әсер қалдырды», – дейді актер Асқар Ильясов.

Түсірілім Алматы және Щучинск қаласындағы қысқы спорт нысандарында өткен. Ал қалың жұртшылықтың назарына 21 сәуірден бастап ұсынылды. Туынды туралы жақсы пікір қалдырғандар қатары да аз емес. «Жаңа кино шықты десе кинотеатрдан табылатын әдетіміз. Бірақ осыған дейін көргеніміздің түгелге жуығы комедия, ауыл мен қала тақырыбында еді. Бұл фильмнің аты да, ішкі мазмұны да қызық болып көрінген соң отбасымызбен келіп тамашалағанбыз. Сөз жоқ, тек эмоция мен сезімдер бар. Залдағы көрермен көз жасына ерік берді. Көп нәрсені ұғындырған фильм болды. Әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Бірақ ұнағаны сонша – туындының режиссері мен басты кейіпкердің өмірдегі прототипін зерттеп, біліп алдым, таныстарыма, жақындарыма көруге ұсындым. Той мен комедиядан басқа жанрдағы осындай ерекше фильмдер, әсер етпей қоймайтын тың туындылар көбейсе екен», – депті instagram желісінде Айнұр Оразтай есімді көрермен.

– Жоспар құрғанда басты рөлге актер емес, шынайы параспортшыны түсіруді ойладық. Осы мақсатта 3 кастинг өткіздік. Нәтижесінде кәсіби артистің керегін, маманның орнын ешкім баса алмайтынын түсіндік. Себебі басты рөлді сомдау оңай емес. Әрі түрлі сахналар кезінде параспортшыға қиынға соғатын болды. Дегенмен фильмнің ішінде нағыз паралим­пиада­шылар да бар.

2018 жылы Кореяда өткен Пар­алимпиада­да жерлесіміз Александр Калядин жеңіске жетті. Паралим­пиада туралы көпшіліктің хабарсыз болуынан бұрын спортшының ел тарихында алғаш алтыннан алқа таққаны туралы еш жерде жариялан­бағаны, БАҚ-тың үн-түнсіз жатқаны таңдандыр­ды. Сол себепті фильмде жекелеген тұлғаларды кірістірген жөн деген ойға келдім, – дейді фильм авторы.

Одан бөлек режиссер алдағы уақытта «Паралимпиадашы» фильмін кино саласындағы халықаралық байқауларға қатыстырып, бағын сынайтынын айтты.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!