Өмірде өрілген, қоғамда өрбіген сан қилы құбылысты қағазға түсіру қиынның қиыны. Өзекті мәселені тақырыптың тұздығы етіп, оны аша білу де үлкен өнер, ерен еңбек. Суретті сөйлететін иллюстратор Аңсаған Мұстафа дарынымен дара. Бүгінде туындысын әлем танып, шеберлігіне сүйсініп жүр.

6 айда 55 сурет

Әлеуметтік тақырыпқа салған суреттерім көп. Қоғамда кең таралып, бейнеге қатысты байсалды пікір жазылып, көзқарас оң болды. Астарында астарлы ой, мәнді мазмұн болғандықтан талқылау тоқтаған жоқ. 2013 жылы талдықорғандық кәсіпкер Алмасбек Садырбай көрме жасауға ой тастады. Тақырып түрліше, сурет көлемі тек А3, А4 көлемінде болатын. Бәрін жинақтап, коллекция жасауды жөн көрдім. 60х80 көлемде тушь пен қылқаламды пайдаланып, 6 айда 55 сурет дайындадым. Дегенмен, көрме өткізетін жер таппай, әуре-сарсаңға түскенім рас. «Еңбегім еш кете ме?» деген ой да мазалады. Бірақ анамның бағытымен 2014 жылы қазан айында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алғашқы көрмемді ұйымдастырдым. Көпшілік жақсы қабылдап, жылы лебізін білдірді. Содан кейін жан-жақтан қоңырау шалып, көрме өткізуге ұсыныс түсті. Көрмем Атырау, Талдықорған, Тараз сынды еліміздегі әр өңірде ай сайын өткізіліп, тіпті метрода да туындыларым қойылды.
Пандемия уақытында үйден шықпауға тура келгені жасырын емес. Дегенмен, шетел суретшілері тоқтамай, зум мен ватсаб платформасы арқылы көрме ұйымдастырды. Маған да онлайн көрмеге сурет жіберуімді сұрады. Көптеген галерея басшысымен танысып, шетелмен байланыс осылай өрбіді.

Ұлттық нақышты дамытудағы ұтқыр ой немесе жейдеге сурет салу кәсібі

Бұл –әлеуметтік желіден бастау алған кәсіп. Қазақ ханды­ғының құрыл­ғанына 550 жыл тол­ғанда «суретші ретінде қандай пайдам тиеді?» деп ойландым. Сөйтіп, жейдеге «Қазақ хандығы 550 жыл» деп жазып, 550 лайк жинаса, 55 түрін дайындайтынымды қалжың-шыны аралас айтып, әлеуметтік желіге жүктегенмін. Сөйтсем лайк саны 1000-ға жетті. Таныстарым хан-билердің, ақын-жазушының, жер-су атын жазу секілді идеясын бөлісті. Сөзімнен тайқымай, 55 түрлі дизайнда дайындап, парақшамда жарияладым. «Абай.кз» сайтында қызмет атқарған Айдос Сарым «бізде қаралым көп болады, мұны көпке жеткізу керек» деген оймен ақпараттық порталға жүктеді. Пікірлер толастамай, тапсырыс түсе бастады. Тіпті жекеме шығып өлшемін айтып, үлгісін көрсетіп жейдеге сурет салып беруімді сұрағандар көбейгені шындық. Әу баста мұның бизнес емес екенін түсіндіруге тырыстым.

Шетелде өткізген 50 көрме

Коронавирус тоқтап, алаң көңіліміз жайланғаннан кейін де шетелдік көрмеге қатысуға ұсыныстар толастамады. Қоғам құбылысына сай қаузалған мәселе мен әлеуметтік тақырыпта салған суретім әлемнің түпкір-түпкірінде қойылды. Әйтсе де бұған мақтанып, масаттанатын адам емеспін. Меніңше, өнер – өлшемге сыймайтын ұғым. Бір бейнемен адам көкейіне ой сала алсам маған маңыздысы осы. Себебі, әр суретте бір ғана ұлттың емес, адамзаттың мәселесі барын түсіндім. Көрмем Америка, Украина, Жапония, Египет, Корея мен Түркияның екі-үш қаласында өткізілді. Мұның өзі толық тізім емес.
Шетелдік суретшілермен достығымыз нығаюда. Жақында Италияға барып келдім. Мұнда досым Робер­тоның галереясы бар. Өзі күтіп алып, шаңы­ра­ғында қонақ етті. Көрме мен музейді аралатып, сурет өнеріне қатысты пікір алмастық. Алғашында күдіктенгенім рас, ақжарқын көңілмен қарсы алған соң қорқынышым сейілді. Осының бәрі өрлеуде септігін тигізетіні анық. Сонымен қатар басылымға сұхбат алған мексикандық журналист «Қазақстанға барып, суреттеріңізді көргім келеді» деп ықыласын білдірді. Алдағы уақытта келсе, қонақжайлығымды көрсетіп, еліміздің әсем жерлерін аралату ойда бар.

Идея ұрлап, көшірме жасау көбейіп барады

Төл туындыңды өзге біреу заңсыз иемденгенде қынжыласың. Ұлттық нақыштағы жейде жасау идеямды қырғыз, қытай, өзбектер қайталап, жайма базарын жайнатып жіберді. Осылайша жасанды көшірмелер пайда болды. Әрине, олар түпнұсқадағыдай сапалы әрі тартымды шықпайтыны анық. Тауар санын көбейтіп, арзан бағада ұсынады. Өзіміз өндірген жейдеде арнайы тауар белгісі салынады. Мұны көп адамдар байқай бермейді. Осының әсерінен де кедергіге тап болғанымыз бар. Серіктес дүкендер бізден емес, базардан сатып алуды шығарды.
Өкініштісі, бұған тоқтам қою мүмкін емес. Құжаттарды дайындап, патент алуға өтініш жазғанмын. Бірақ тәртіп пен талап бойынша 9 ай күту керек екен. Қаржы босқа кетті. Тоғыз айда олар басқа суретті де пайдалана бастады. Патентпен тек елдегі көшірмеге тыйым салуға мүмкіндік бар. Шетелде тоқтату үшін сол жақтың патенті қажет. Осындай қиындықтар кездескен. Дегенмен, мұндай олқылық өнерге сүйіспеншілігімді өлтірмейді.


Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!