Белгілі тележүргізуші Динара Сатжан Нұр-Сұлтандағы сегіз жастағы қыздың оқиғасына қатысты түсініктеме берді. Оны анасы ішкиіммен аязға шығарып жазалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Динара Сатжан Instagram-дағы парақшасында өз қызын аяусыз жазалаған қыздың анасымен тілдескенін айтады.
«Бұл маған сабақ болды. Ақшаның жетіспейтінінен шаршадым. Үнемі тұратын пәтер мен жұмыс іздеуіме тура келеді. Балаларымды менен тартып алғанын қаламаймын», – депті қыздың анасы тележүргізушіге айтқан сөзінде.
Тележүргізуші Динара Сатжан олардың ескі вокзал маңындағы шағын жатақханада тұратынын айтты.
«Айжамал өз ісіне қатты өкінеді. Мен оған сенемін. Ата-ана құқығынан айыруға болмайды! Ол үшін бұл үлкен сабақ … Ата-аналар осы жағдайдан ой түйсе екен. Балаларға қамқорлық пен жылулық қажет. Олар ата-аналарды жақсы көреді. Бәрі де жаман емес», – дейді Динара Сәтжан.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде дәлізде ұйықтап, далада жалаңаш жүрген кішкентай қыздың суреті таралған еді. Кейінен өз баласын аясыз жазалаған отбасы табылды.