Ақтөбе облысында әкесінің жалақысын бәске тігіп жоғалтқан жігіт өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден алынды

Полиция бөліміне өз-өзіне қол жұмсаған жас жігіттің мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Анықталғандай, 23 жастағы облыс тұрғыны ертесіне туған күні болатын әкесінің бүкіл айлығын бәске тігіп құртқаннан кейін осы қадамға барған.

Алты айда ер адам бәс тігуден 1 миллион 200 мың теңгеге жуық шығынға батқан. Мұның бәрі ойын автоматтарынан басталған, содан кейін бұл ставкаларға ұласқан. Құмар ойындарда көп ақшаны жоғалтқаннан кейін арты осындай қайғылы жағдайға алып келген.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, онда халық арасындағы ойынға тәуелділік мәселесі талқыланған болатын.

«Соңғы жылдары Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділік жағдайы кең етек алып барады, кейбір отбасылар үшін бұл үлкен трагедияға айналды», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев жастардың ерекше тәуекел тобына жататынына тоқталып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін ойын бизнесіне шектеу қою жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!