ХХ ғасырдың бас кезі қазақ қоғамы үшін рухани тұрғыда жаңа кезеңнің бастауы іспетті. Екі ғасырға жуық уақыт бойы «бұратана» халық болып келген Алаш жұрты отарлаушы үкіметтің айтқанына көніп, айдағанына жүріп, өз ана тілінен, дінінен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан айырылудың аз-ақ алдында қалған-ды. Қазақ халқының осы бір рухани құлдырау кезеңінде қайта серпіліс жасап, оянуына мүмкіндік берген тарихи оқиға Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы революция болды. Бұл оқиға қазақ елін дүр сілкінтті. Қалың ұйқыда жатқан жұрт бас көтерді. Оң-солын енді ғана айырған қалың ел  отарлық езгіге, озбыр үкіметке қарсы тұра бастады. Ел басында жүрген алаш зиялылары бұл сәтті ұтымды пайдаланып, ұлттың туын биік көтеріп, халықты бір мақсат жолында топтастыра білді. Сол алмағайып заманда «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұққан қазақ оқығандарының ел болашағы үшін маңызды деп тапқан қадамдарының бірі баспасөз қызметін қолға алу еді. Осылайша қазақ даласында алғаш рет «Айқап» журналы жарық көрді.

Алғаш рет 1911 жылы 10 қаңтарда Тройцк қаласында «Айқап» журналының шығарыла бастауы қазақ қоғамы үшін айтарлықтай прогресс болды. Тәуелсіз ел құру жолында қаншама жылды жоғалтып алғанын, білім мен мәдениет саласынан артта қалушылығын жеткізетін ұлттың жанайқайы «Әй, қап» деген ауыр өкінішті білдіретін бір ғана сөзбен беріліп, дәл осылай журналдың атауы қалыптасқан.  Басы-қасында көзі ашық, көкірегі ояу қазақ жастары еңбек еткен бұл журнал кейінгі жылдардағы әртүрлі тарихи оқиғаларға байланысты ең өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтар болсақ, қазақ жерін әкімшілік аймаққа бөлу туралы уақытша ережелерге, сот істеріне, халықтың шаруашылығы мен кәсіпорындарды дамытуға және саяси билік пен Думаға қатысты мәселелерді қамтыған салмақты мақалаларды журнал бетіне жариялады. Одан бөлек, аталмыш журнал Абай мен Шоқан, Ыбырай салған сара жолды жалғап, оқу-ағарту тақырыбына да ерекше мән берген. Сол кездегі жас ақын, жазушылардың шығармаларын, оның ішінде М.Дулатовтың, М. Жұмабаевтың, С.Торайғыровтың, Б.Қаратаев пен Ғ.Қарашев сынды қайраткерлердің гуманистік бағыттағы шығармаларын журнал бетіне басу арқылы қалың бұқараның сауатын ашуға, қоғамдық  қайраткерлер тобының қалыптасуына үлес қосты.

Осы жылы қазақ баспасөзінің жарқын жұлдызы «Айқап» журналына ‒ 110 жыл! Сол замандағы қоғамдық қысымның күші басым сұрқия саясатқа қарамастан халықтың жоқ-жітігін жасқанбай жаза білген, қазақ халқын саяси сауаттылыққа шақырған Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов сынды ұлы тұлғалардың қаламының сиясы тамған журналды өз деңгейінде бағалау керек. Өткір де өзекті мәселелерді бар ақиқатымен анық жазып, тәуелсіздікті жақындатқан «Айқап» журналының деңгейіне теңесер басылым бар ма қазір?

Шұғыла ӘЛИ