Алматы облысында жасөспірім қызды алдап, басқа ауылға алып кеткен азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Иллюстративное фото:nvdaily.ru

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың 6 маусымында мас адам Қарғалы ауылына қарай көлік тоқтатып тұрған кәмелетке толмаған қыз баланы көріп, алдап сөзге тартып, өзімен бірге Ұзынағаш ауылына алып кеткен.

Ол жолда бірнеше қонақ үйге тоқтамақ болған, алайда қонақ үй әкімшілері сотталушының масаң күйде болғанын көріп, қабылдаудан бас тартқан.

Содан кейін Қарасай ауданында орналасқан үйдің сыртындағы «Монша» деген жазуды көріп, сол үйде ұйықтап алу үшін аулаға қызды ертіп кірген.

Осы уақытта үй иесін көрген қыз қаскүнемнің қолынан сытылып шығып, өзін ұрлап кеткенін айтқан.

Үй иесі бірден ұялы телефонының видеокамерасына түсіре бастаған. Мұны көрген ер адам оқиға орнынан бой тасалаған.

Прокурор сотталушыны 10 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушы кінәсін мойындап, теріс ойы болмағанын айтып, бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Жәбірленушінің анасы сотталушыны кешірмейтінін айтып, қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

«Сотталушы Қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігі 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді», – деп жазылған хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!